Жиында сөз сөйлеген Жұлдыз Сүлейменова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқавтың тапсырмасымен өңірлерде бой көтерген Келешек мектептерінің барлық бала үшін сапалы білім мен тең мүмкіндіктермен қатар, мемлекеттік мектептердің заманауи архитектуралық-инфрақұрылымдық стандартарға сәйкес жаңаруына серпін бергенін атап өтті.
«Мемлекеттік білім беру саясатының жарқын жемісі - бүгінде инновациялық мектептерде білім алу қала мен ауыл баласы үшін бірдей қолжетімді. Қызылорда облысында соңғы екі жылда 7 мыңға жуық оқушыны заманауи білім беру ортасымен қамтыған 10 «Келешек мектебі» салынды. Өңірдің білім сапасының көрсеткіштері де еліміз бойынша көш басында. Қызылордалық оқушылар 2024 жылы республикалық жаратылыстану-гуманитарлық олимпиадада жеңімпаз болды. Ендігі міндет, өскелең ұрпаққа сапалы біліммен қатар саналы тәрбие беру. Бұл мақсатта «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы «Заң мен тәртіп», «Еңбек адамы» және «Таза Қазақстан» қағидаттарына негізделіп жүргізілуі тиіс», - деді Жұлдыз Сүлейменова.
Қызылорда қаласының тұрғындар тығыз орналасқан аудандарының бірінде салынған Келешек мектебі 1500 оқушы орнына арналған. Мектеп түрлі пәндік кабинеттермен, STEM зертханалармен, спорттық, инновациялық, шығармашылық залдарымен толықтай жабдықталған.
Өңір басшысы Н.Нәлібаевтың айтуынша, Қызылорда облысында соңғы үш жылда білім сапасын арттыру, инфрақұрылымын кеңейту, материалдық-техникалық базасын жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылған. 2024 жылы 13 білім беру ұйымы жаңадан салынды, нәтижесінде өңірде үшауысымды оқытуды толығымен жоюға қол жеткізілді.