Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Евгений Пивоваровтың айтуынша, өңірде биылғы маусымда 63 035 адам ОРВИ-мен ауырған, оның 38 673-і – 14 жасқа дейінгі балалар.
«Өткен эпидмаусыммен салыстырғанда сырқаттанушылық 15,9 пайызға артты. Лабораториялық зерттеулер нәтижесінде тұмаудың 25 жағдайы расталды. Барлығында да А/H3N2 – гонконг тұмауының штамы анықталды. Олардың 10-ы балалар арасында тіркелді», – деді ол.
Пивоваровдың мәліметінше, бір жасқа толмаған балалар, жүкті әйелдер және вакцина алғандар арасында гонконг тұмауы әзірге анықталмаған. Оның айтуынша, аурудың белсенді таралуы маусымдық вирустық белсенділікпен, ауа тамшылы жолмен жұғумен, адамдардың көп жиналуымен және иммунитеттің әлсіреуімен байланысты.
Қазір облыста 77 мың тұрғын тұмауға қарсы вакцина алған, бұл халық санының 10 пайызынан асады. Оның ішінде 75 мыңы – тәуекел топтарына жататындар, 1 820 адам – жұмыс берушілер есебінен, ал 180 тұрғын – ақылы түрде егілген.
«Вакцинация науқаны аяқталды. Айта кету керек, тұмау немесе суық тию кезінде екпе салдыруға болмайды. Иммунитет екпеден кейін 10–14 күн ішінде ғана қалыптасады, сондықтан ауырып тұрған кезде вакцина әсер етпейді», – деп түсіндірді Пивоваров.
Дәрігерлер тұрғындарды індеттің таралуына жол бермеуге шақырып, алғашқы белгілер – дене қызуының көтерілуі, жөтел, тамақтың қырналуы, әлсіздік байқалған жағдайда үйде қалып, басқа адамдармен байланыс жасамауға кеңес берді.
Еске сала кетейік, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың мәліметінше, 1 қыркүйек 2025 жылдан бері ел бойынша 1 461 819 ОРВИ жағдайы тіркелген. Оның 963 847-і – балалар, яғни барлық науқастардың шамамен 66 пайызы.
Сол кезеңнен бері тұмаудың 590 жағдайы нақтыланды, оның 587-сі – А(H3N2), яғни гонконг тұмауы штамы. Сонымен қатар A(H1N1) вирусының аздаған жағдайлары анықталған.