ШҚО-да Зубовск ауылы алкогольдік мас күйінде жасалған құқықбұзушылықтар саны бойынша көш бастап тұр.
«Жедел жағдайды талдау көрсеткендей, қылмыстардың көпшілігінің негізгі себебі – алкоголь. Мас күйінде адамдар өз-өзін бақылаудан айырылады, агрессия пайда болады, бұл көбіне құқықбұзушылықтарға әкеледі. Алдын алу жұмыстарына қарамастан, заңсыз сату деректері әлі де кездеседі — оның ішінде лицензиясыз, тіпті аулалардан тікелей сату фактілері бар. Белгіленбеген уақытта алкоголь сату бойынша 24 құқықбұзушылық және лицензиясыз сату бойынша тағы 24 дерек анықталды», – деді Алтай аудандық полиция бөлімінің бастығы Денис Еримбесов.
Дегенмен оң мысалдар да бар. Ермаковка ауылы 2025 жылдың басында ресми түрде алкогольден бас тартып, “ішімдіксіз ауыл” мәртебесін сақтап келеді. Бір жыл ішінде мұнда бірде-бір құқықбұзушылық тіркелмеген. Ал 2026 жылы “Трезвое село” қозғалысына тағы бір елді мекен – 74 тұрғыны бар Селезнёвка станциясы қосылды.
Полицияда алкогольді шамадан тыс пайдаланатын адамдармен жұмыс тұрақты түрде жүргізілетіні атап өтілді. Мұндай азаматтар уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізіліп, медициналық тексеруден өтеді. 2025 жылы бұл мекеме арқылы үш мыңнан астам адам өткен. Сонымен қатар сот шешімімен ауданның 16 тұрғыны алкогольге тәуелділіктен мәжбүрлі емдеуге жіберілген.