Ол декреттік демалысқа шығатын 41 әйелді өз фирмасына жалған тіркеп, олардың атынан төлемдер аударып отырған. Схема нәтижесінде мемлекетке 180 млн теңгеден астам зиян келген.
Мұғалжар аудандық сотының дерегіне сүйенсек, әйел есеп-қисап пен салық төлемдерін жүргізуді аталған курстан үйренген. Ол Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда және Түркістан облыстарының әйелдерін «жұмысқа орналасқан» етіп көрсетіп, олардың атына зейнетақы жарналары мен әлеуметтік төлемдер аударған. Алайда тексеру барысында бұл әйелдердің ешқайсысы кәсіпкердің қарамағында шын мәнінде жұмыс істемегені анықталды. Кәсіпкерге ірі көлемдегі алаяқтық бойынша іс қозғалды.
Прокурор 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұраған. Бірақ сот оның кәмелетке толмаған балалары барын ескеріп, жаза мерзімін 5 жыл 6 ай етіп төмендетті және балалар 14 жасқа толғанға дейін бас бостандығынан айырылмайтын тәртіппен үкім шығарды.
Үкім заңды күшіне енген соң Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры заңсыз декреттік төлем алған 41 әйелден қаржыны кері қайтаруды талап етпек.
Айта кетерлігі, мұндай схема биыл бірінші рет анықталып отырған жоқ. Жазда Ақтөбеде тағы екі есепшінің осы тәсілмен 98 млн теңгені заңсыз рәсімдеген ісі қаралған. Тергеу материалдары олардың да «Декретке миллионмен» курсын онлайн оқып, әрекет еткенін көрсеткен.