2025 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстандағы дәрігерлер, медбикелер мен әлеуметтік қызметкерлердің орташа айлық табысы 312,8 мың теңге болған. Бұл — елдегі орташа жалақыдан 26,1 пайызға төмен көрсеткіш.
Медицина жалақысы бойынша барлық салалар ішінде соңғы бестікке кіреді. Төмен табыс деңгейі ауыл шаруашылығы, өнер, коммуналдық қызмет және білім салаларында ғана тіркелген. Мұндай жағдай соңғы екі жылдан бері өзгермей келеді.
Салыстырмалы түрде:
кен өндірушілер — 981,4 мың теңге;
IT және байланыс мамандары — 859,8 мың;
қаржы мен сақтандыру саласы — 855,5 мың теңге.
«Медицинадағы еңбекақының төмен деңгейде қалуы пандемия кезіндегі жалақы өсімі тоқтап қалғанымен байланысты. 2022 жылдан бері бұл салада айтарлықтай индексация болмады, ал инфляция нақты табысты тіпті азайтты», — делінген есепте.
Номиналды өсім бар, бірақ нақты нәтиже шамалы
2019 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы 133,5 мың теңге болса, 2025 жылы 315,4 мың теңгеге жетті. Бірақ реалды сатып алу қабілеті айтарлықтай өзгермеген. Себебі медианалық жалақы (нақты көп қызметкер алатын орташа табыс) 2024 жылы медицинада 250,7 мың теңге болған. Ал модалық жалақы — яғни ең жиі кездесетін нақты айлық — 197,8 мың теңге.
Миллион алатын дәрігерлер бар ма? Бар! Бірақ олар санаулы:
интервенциялық аритмолог — 1,1 млн теңге;
ЭКО орталығындағы эмбриолог — 860,1 мың;
кардиохирург — 768,8 мың теңге.
Танымал дәрігерлердің табысы мынадай:
хирург — 505,7 мың;
терапевт — 460,2 мың;
педиатр — 425,9 мың;
кардиолог — 475 мың теңге.
Ал ең төмен жалақы алатындар – паразитолог, еңбек гигиенисі, микробиолог, сот-медициналық сарапшы және массажист.