Бұл деректер Үкіметте өткен инфляцияны тұрақтандыру жөніндегі кеңестің қорытындысында келтірілді.
Сауда және интеграция вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, соңғы 4–5 аптада картоп шамамен 4,5%-ға қымбаттаған.
«Соңғы екі айда картоп экспорты 300 мың тоннаға жетті. Жақын уақытта жүзеге асатын келісімшарттар көлемі шамамен 200 мың тонна. Осылайша, біз азық-түлік қауіпсіздігі үшін белгіленген 500 мың тонналық шекке таяп қалдық», – деді ол.
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Сауда және интеграция министрлігіне картоп қоры бойынша мәселелерді сыртқы саудаға жауапты ведомствоаралық комиссияда қарауды тапсырды.
Тек картоп емес, қарашаның алғашқы апталарында тауық жұмыртқасы мен құс етінің бағасы да 0,4%-ға қымбаттаған. Бұл негізінен жемнің және импортқа тәуелді шикізаттың қымбаттауымен түсіндіріледі.
Айжан Бижанованың дерегінше, күнбағыс майын өндірушілер құс фабрикаларын жем өндірісіне қажет арзандатылған маймен қамтамасыз еткен. Баға тұрақтылығы үшін сонымен бірге төмендетілген бағамен астық беру қажет.
Серік Жұманғарин қысқа мерзім ішінде құс фабрикаларын резервтегі жемдік астықпен қамтуды және ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде қолжетімді құс етінің көлемін арттыруды тапсырды. Қарақұмық жармасының қарашада 1,3%-ға қымбаттауына байланысты бұл өнімді тікелей сатып алып, тұрақтандыру қорларына жеткізу тежелмейтін болды.
Үкімет өкілі коммуналдық қызметтер тарифтері өзгермейтінін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі инфляцияға ең үлкен әсер етіп отырған – азық-түлік тауарлары. Тек әлеуметтік маңызы бар өнімдер ғана емес, жалпы тұтыну себетіне кіретін, реттелмейтін барлық тауарлар бағасын тұрақтандыру бойынша шаралар қажет. Осыған байланысты Сауда және интеграция министрлігіне азық-түлік себетін талдап, бағаға әсер ететін факторларды азайтудың жаңа тетіктерін ұсыну тапсырылды.
Сондай-ақ тауар айналымының толық қадағалануы – артық делдалдарды азайту, бақылауды күшейту, құжаттарды мұқият тексеру қажеттігі атап өтілді. Үкіметтің пікірінше, бұл нарықтың ашықтығын арттырып, шығындарды төмендетеді, ал бұл өз кезегінде бағаны ұстап тұруға мүмкіндік береді.
Қарашаның екі аптасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының жалпы өсімі 0,1% болды. Осы кезеңде сәбіз (-1,7%), қырыққабат (-1,8%) және пияз (-0,4%) арзандаған.
Айта кетсек, қыркүйек ортасында фермерлер жаңа өнімді жинау кезінде картоптың өзіндік құнын жабатын баға – 120 теңге, ал шаруалар үшін тиімді деңгей шамамен 150 теңге екенін мәлімдеген еді.
Биылғы картоп маусымы шаруалар үшін сәтсіз өтті: жыл басында бағасы 500 теңгеден асқан картоп қыркүйектің басында тоннасына 110–120 мың теңгеге дейін төмендеп кеткен болатын.