weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Назарбаевтың қолынан “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” алған: Тұрсынбек атағын қайтара ма?

Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатов төңірегіндегі дау-дамай күшейіп келеді. Әлеуметтік желіде оның жұбайын және балаларын тастап, екінші әйеліне кеткені туралы ақпараттар тарағаннан кейін қоғам екіге жарылды.

Назарбаевтың қолынан “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” алған: Тұрсынбек атағын қайтара ма?
Фото: instagram

Бірі — оны айыптап, алдағы 25 жылдық шығармашылық кешін бойкоттауға шақырып жатса, енді бірі — “жеке өмір мен өнерді шатастырмау керек” деп қорғауға тырысуда.

Алайда қазір көпшілік назарын тек отбасылық жанжал емес, оның 2015 жылы алған мемлекеттік марапаты да өзіне аударып отыр.

Марапат Назарбаевтың қолынан

Сол жылы, Тәуелсіздік күні қарсаңында, Астана қаласында өткен салтанатты жиында Тұрсынбек Қабатовқа “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” құрметті атағы табысталған еді.

Марапатты елорда әкімі Әділбек Жақсыбеков табыс етіп, Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы жарлығына сәйкес (№124, 2015 ж. 3 желтоқсан) әзілкештің ел мәдениетіне қосқан еңбегі атап өтілген болатын.

Бұл атақ — мәдениет, ғылым, өнер мен қоғам өмірінде ерекше жетістікке жеткен тұлғаларға ғана берілетін жоғары марапаттардың бірі.

Қоғамның талабы – әділет

Соңғы күндері әлеуметтік желілерде “Қабатов марапатынан айырыла ма?” деген сұрақ жиі талқылануда. Кей қолданушылар “қоғам алдында үлгі болуы тиіс адам мұндай құрметке лайық па?” деп мәселе көтеруде.

“Бұл атақ — тек шығармашылық еңбектің емес, азаматтық бейненің де көрсеткіші. Егер ел сенімін жоғалтса, атақты қайтарып беруі керек”, — дейді әлеуметтік желі қолданушыларының бірі.

Ал әзірге әзілкештің өзі бұл сынға ешқандай ресми түсініктеме бермеді. Бірақ оның 25 жылдық шығармашылық концертіне билет сату жалғасуда.

Анықтама

“Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” атағы 1995 жылғы “Мемлекеттік марапаттар туралы” заң негізінде тағайындалған.

Бұл атақ елдің мәдениет, ғылым, өнер және әлеуметтік дамуына айрықша үлес қосқан азаматтарға беріледі. Марапат белгісі төсбелгі мен арнайы куәліктен тұрады.