Мемлекеттің тұрақтылығы мен қауіпсіздігі – бұл тек қарулы күштің қуатымен немесе заңның қаталдығымен өлшенбейді. Бұл – ең алдымен азаматтардың өз мемлекетіне деген сенімі мен биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігінің деңгейімен бағаланатын ұғым. Қазақстан соңғы жылдары осы екі бағыттың арасындағы тепе-теңдікті табуға ұмтылып келеді.
Мемлекеттік қызмет саласының ардагері Жалғас Тікенбаевтың пікірінше, қауіпсіздік пен тұрақтылық – басқару мәдениетінің айнасы.
«Қауіпсіз қоғамды құру – тек полиция мен әскердің емес, мемлекеттік басқару жүйесінің де тікелей міндеті. Мемлекет өз азаматтарының өмір сапасына, құқықтарының қорғалуына, әлеуметтік әділдікке кепілдік берсе, онда тұрақтылық өзі қалыптасады. Халық сенімі – кез келген елдің ең үлкен капиталы», – дейді ардагер.
Соңғы жылдары Қазақстан билігі халықтың үніне құлақ асу саясатын енгізіп, мемлекеттік аппаратты ашық әрі тиімді етуге күш салып келеді. Бұл реформалар тек бюрократиялық өзгеріс емес, қауіпсіздік стратегиясының бір бөлігі. Себебі, қоғам мен билік арасындағы сенімсіздік – ішкі тұрақтылыққа қауіп төндіретін ең әлсіз тұстардың бірі.
Тікенбаев атап өткендей, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қауіпсіздікті нығайтуда да үлкен рөл ойнайды.
«Мемлекет азаматтармен диалог орнатқанда ғана әлеуметтік жарылыстардың, радикалды көзқарастардың алдын алады. Адам өзін естігенін, оның мәселесіне назар аударылғанын сезінсе, ол елдің тұрақтылығына қарсы емес, оны қорғаушыға айналады», – дейді ол.
Бүгінде мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби этикасы мен жауапкершілігі қоғам назарында. Қызметтік адалдық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет, ашық есептілік – мұның барлығы ұлттық қауіпсіздік деңгейіне тікелей әсер етеді.
Жалғас Тікенбаевтың айтуынша, қауіпсіз мемлекет құру үшін ең алдымен азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттыру керек. Бұл ретте мемлекеттік қызмет жүйесінің рөлі ерекше.
«Әр мемлекеттік қызметкер өз орнында елдің тұрақтылығына үлес қосып отырғанын сезінуі керек. Біз бюрократ емес, халыққа қызмет етуші болуға тиіспіз. Сенім мен әділдік бар жерде қоғам бөлінбейді, керісінше бірігеді», – дейді ардагер.
Қазақстан бүгінде реформалардың жаңа кезеңіне аяқ басты. «Әділетті Қазақстан» идеясы – қоғамның барлық саласына бағытталған жаңару тұжырымдамасы. Оның негізгі мәні – билік пен халық арасындағы әділ тепе-теңдікті орнату. Бұл идея тек саяси салада емес, қауіпсіздік жүйесінде де айқын көрініс табуда.
Соңғы жылдары елде қылмысқа қарсы күрес күшейіп, құқық қорғау органдарының жауапкершілігі артып келеді. Бірақ тұрақтылықтың басты кепілі – халықтың саналы азаматтық ұстанымы. Әр адам өз елінің қауіпсіздігі үшін жауапты екенін сезінгенде ғана нағыз қауіпсіз қоғам қалыптасады.
«Қауіпсіздік – бұл жүйе емес, мәдениет. Оны заңмен емес, жүрекпен сезіну керек. Әрбір адам заңды сақтап, қоғамның тыныштығына үлес қосса, бұл – мемлекеттің ең үлкен жетістігі», – деп есептейді ардагер.
Қазір Қазақстанда мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттырумен қатар, азаматтардың құқықтық мәдениетін көтеру бағытында да жұмыс жүруде. «Адал азамат» тұжырымдамасы осы бағыттағы маңызды бастама. Әрбір азаматтың мемлекет алдындағы борышын, қоғам алдындағы жауапкершілігін түсінуі – тұрақтылықтың берік іргетасы.
Мемлекеттік тұрақтылық – сенім мен жауапкершіліктің үйлесімінен туады. Егер бұл екі ұғым бір бағытта дамыса, елдің қауіпсіздігі мен дамуы да тұрақты болмақ.