Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
14 қазан, 2025 / Аман ШАМАР / Жаңалықтар

Ұлттық қауіпсіздік – ел тәуелсіздігінің тірегі

Ұлттық қауіпсіздік – ел тәуелсіздігінің тірегі

Ұлттық қауіпсіздік – ел тәуелсіздігінің тірегі
Фото: inform.kz

Қазіргі геосаяси ахуал күрделі, әлем күн сайын өзгеріп отыр. Осындай кезеңде әрбір мемлекеттің басты міндеті – өз егемендігін, аумақтық тұтастығын және қоғамдағы тұрақтылықты сақтау. Қазақстан үшін ұлттық қауіпсіздік – жай ғана ұғым емес, бұл ел тәуелсіздігінің тірегі, халықтың бейбіт өмір сүруінің кепілі.

Соңғы жылдары мемлекет қауіпсіздік жүйесін жаңғырту бағытында бірқатар маңызды реформалар жүргізіп келеді. Терроризм мен экстремизмнің алдын алу, шекара қауіпсіздігін күшейту, киберқауіптерге қарсы күрес, есірткі тасымалы мен трансұлттық қылмыстардың жолын кесу – осының бәрі ұлттық қауіпсіздік стратегиясының басты басымдықтарына айналды.

Ішкі істер саласының ардагері Қанат Қабиевтің пікірінше, қауіпсіздік мәселесіне тек әскери немесе құқықтық тұрғыдан қарау жеткіліксіз.

 «Ұлттық қауіпсіздік – бұл ең алдымен елдің ішкі бірлігі мен азаматтардың жауапкершілігі. Егер қоғамда сенім, тәртіп және заңға құрмет болса, ешқандай сыртқы күш тұрақтылықты бұза алмайды. Бүгінде мемлекет қылмысқа қарсы күресте ғана емес, оның алдын алу мәдениетін қалыптастыруда да жүйелі жұмыс жүргізіп отыр», – дейді ардагер.

Қабиевтің айтуынша, қазір Ішкі істер министрлігі заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдерді енгізу арқылы құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттыруда. Бұл – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңа деңгейіне көтерілуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қоғамдық тәртіпті сақтауда учаскелік инспекторлардың рөлі күшейіп келеді.

Қоғамда кейде қауіпсіздік тек күш құрылымдарының міндеті секілді қабылданады. Бірақ іс жүзінде бұл – барша азаматтың ортақ ісі. Бала тәрбиесінен бастап, жолдағы мәдениетке дейінгі барлық ұсақ-түйек ұлттық қауіпсіздік мәдениетінің құрамдас бөлігі.

Мысалы, соңғы жылдары елде интернет арқылы таралатын жалған ақпараттар мен арандатушылық контенттердің көбеюі – ақпараттық қауіпсіздікке тікелей қатер. Бұл ретте медиа сауаттылық пен ақпаратты сын тұрғысынан қабылдау қабілеті де маңызды рөл атқарады.

Қанат Қабиев осы тұста тағы бір жайтқа назар аударады.

«Біз ұрпақ тәрбиесін де ұлттық қауіпсіздік мәселесінен бөле алмаймыз. Патриоттық сезім, мемлекетке құрмет, заңды мойындау – осыларды бала кезден бойға сіңірсек, ел болашағы сенімді болады», – дейді ол.

Сарапшының пікірінше, қазір Қазақстанның қауіпсіздік жүйесі біртұтас модель ретінде жұмыс істей бастады. Құқық қорғау органдары, арнайы қызметтер, жергілікті әкімдіктер мен қоғам белсенділері бірлесіп әрекет етуде. Бұл бағыттағы жаңа тәсіл – халық пен билік арасындағы ашық диалог.

Мысалы, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қауіпсіздік саласында да өз нәтижесін беріп отыр. Азаматтардың өтініштерін, шағымдарын жедел қарау, құқық қорғау органдарының ашықтығын арттыру, азаматтардың құқықтарын қорғау – сенім мен тұрақтылықты нығайтады.

Қорытындысында Қанат Қабиев:

 «Біздің басты байлығымыз – елдің тыныштығы. Қауіпсіздік пен тұрақтылық болмаса, экономикалық даму да, әлеуметтік өркендеу де болмайды. Сондықтан әр азамат өзінің жауапкершілігін түсініп, ел тыныштығын сақтауға үлес қосуы керек», – деп түйіндеді.

Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық қауіпсіздік ұғымы кеңейіп, оның ішінде экономикалық, экологиялық, ақпараттық және қоғамдық қауіпсіздік те бар. Бұл бағытта Қазақстан әлемдік тәжірибені ескере отырып, өзінің ұлттық моделін қалыптастырып келеді.

Тұрақты мемлекет – сенімді қауіпсіздік жүйесіне сүйенетін мемлекет. Сондықтан елдің қорғаныс қабілетін күшейту, азаматтық қоғамды нығайту және ақпараттық тұрақтылықты қамтамасыз ету – ұлттық қауіпсіздіктің ажырамас бөлігі болып қала береді.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату