Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Ұлттық компаниялар табысының 50-70%-ын мемлекетке қайтарады: халыққа пайдасы қандай?

Мәжілістегі жалпы отырыста депутаттар ұлттық компаниялардың мемлекетке төлейтін дивидендтері қысқаруы мүмкін деген мәселені көтерді. Бұған жауап берген Премьер-министр Олжас Бектенов ұлттық компаниялардың бюджетке түсетін пайда үлесі заңмен қатаң реттелгенін айтты.

Ұлттық компаниялар табысының 50-70%-ын мемлекетке қайтарады: халыққа пайдасы қандай?
Фото: ашық дереккөзден

Оның сөзінше, биыл қабылданған жаңа Бюджет кодексіне сәйкес, ұлттық компаниялар табысының кемінде 50, кей жағдайда 70 пайызына дейін бюджетке аударуға міндетті. Бұл бұрын болмаған норма.

«Бұл – ашықтық пен есеп беруді арттыруға бағытталған маңызды қадам. Енді ұлттық компаниялардың қаржысы парламенттік және қоғамдық бақылауда болады», – деді Бектенов.

Сонымен қатар, премьер-министр компаниялардың өздерінде қалатын қаражат та ашық жұмсалатынын айтты. Барлық сатып алу рәсімдері заңмен бекітілген және республикалық бюджеттің орындалуы туралы есепте көрсетіледі.

Бектеновтің айтуынша, «Самұрық-Қазына» қоры бүгінде 53 триллион теңгелік инвестициялық бағдарламаны жүзеге асырып жатыр. Бұл – ел экономикасының дамуына бағытталған ірі жоба. Қор өз қаражатын жұмсап қана қоймай, нарықтан да несие алады.

Сонымен қатар, қор өңірлерде әлеуметтік жобаларға да қаржы бөледі. Мәселен, денсаулық сақтау нысандарына 550 млрд теңге, ал жалға берілетін тұрғын үй құрылысына 272 млрд теңге бағытталған.

«Осының бәрін ескерсек, дивидендтерді бөлу туралы шешімдер негізсіз емес, жан-жақты талданған», – деді Үкімет басшысы.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату