Либерал-демократиялық партияның мүшесі саналатын Такаити — қатаң ұстанымымен, әскерді күшейтуді қолдайтын көзқарасымен және дәстүршіл саясаткерлермен жақындығымен танымал.
Студент кезінде ол рок-музыкаға әуес болған: Iron Maiden, Black Sabbath және X Japan топтарының әндерін сүйіп тыңдап, өзі де хеви-метал ансамблінде барабан ұрған. Бүгінде де үйінде электронды қондырғы орнатып, кешкісін күйзелісті жеңу үшін ойнайтынын айтады. Ал жастық шағында Kawasaki Z400GP мотоциклімен жүрген нағыз байкер болған.
2014 жылы Такаити Жапонияның Ішкі істер және коммуникациялар министрі қызметін атқарған. Сол тұста оның беделіне екі даулы оқиға көлеңке түсірді: біріншісінде ол неонацистік ұйым басшысымен түскен суреті үшін сынға қалса, кейін телекомпаниялардың “саяси бейтараптығын бұзған жағдайда эфирін тоқтатуға болады” деген сөзі қоғамның қатты наразылығын тудырды.
2025 жылдың 4 қазанында ол Либерал-демократиялық партия төрағалығына сайланып, кейін парламент дауыс беруімен премьер-министр қызметін иеленді. Осылайша Санаэ Такаити — Жапония тарихындағы тұңғыш әйел премьер атанды.
Сайланғаннан кейінгі алғашқы сөзінде ол “жұмыс” сөзін бес рет қайталап:
“Барлығы жұмыс істеуі керек. Мен де, сіздер де. Мен үшін work-life balance деген ұғым жоқ”, — деді Такаити.
Ол өзіне үлгі ретінде Ұлыбританияның тұңғыш әйел премьері Маргарет Тэтчерді атаған.
“Менің мақсатым — нағыз темір ханым болу”, — деген еді ол сайлауалды сөзінде.