«Олар әлі де жеңе алады. Бірақ мен Украина жеңеді деп ойламаймын, дегенмен теория жүзінде бұл мүмкін. Мен ешқашан олар міндетті түрде жеңеді деп айтқан жоқпын. Мен тек олардың мүмкіндігі бар дегенмін. Барлығы болуы мүмкін», — деді.
Трамп 20 қазан күні Ақ үйде Австралия премьер-министрі Энтони Албанеземен кездесуде.
Бұған дейін Трамп Украина Еуропа мен НАТО-ның қолдауымен өз аумақтарын қайтарып алуы мүмкін екенін айтқан болатын. «Уақыт, сабыр және Еуропаның, әсіресе НАТО-ның қаржылай көмегі арқылы соғыс басталған шекараларға дейін қалпына келу мүмкін», — деген еді ол.
Сондай-ақ 19 қазанда ол Донбасс өңірі «бөлінуі керек» екенін айтып, аймақтың басым бөлігі Ресейдің бақылауында қалғанын мәлімдеді. «Қазірдің өзінде 78 пайызы Ресейдің қарамағында. Қалған бөлігі жайлы кейін келісімге келуі мүмкін», — деді АҚШ президенті.
Сонымен қатар Трамп The Financial Times жариялаған ақпаратты жоққа шығарды. Басылымда ол Зеленскийге «Донбастың барлығын Ресейге беруді ұсынды» деген мәлімет таратылған еді.