АҚШ президенті әкімшілігі Ресей мен Украина Херсон облысындағы Алешкі қаласында гуманитарлық көмек жеткізу және бейбіт тұрғындарды эвакуациялау үшін атысты тоқтату жөнінде келісімге келгенін хабарлады. Ақ үйдің мәлімдемесінде бұл келісім 29 қазаннан басталады деп көрсетілді.
Алайда Ресей мен Украина қарулы күштерінің бас штабтары қаладағы тыныштық режимі 27 қазанда басталатынын мәлімдеді. Ресей тарапы Херсон бағытында атысты тоқтату 27 қазан күні Мәскеу уақытымен сағат 04:00-де күшіне енетінін айтты.
Ақ үй жариялаған мәлімдемеде бұл келісімге бірінші ханым Мелания Трамптың қол жеткізгені айтылды. Украина парламентіндегі билікті қолдайтын «Халық қызметшісі» фракциясының жетекшісі Давид Арахамия да Алешкіде жақын уақытта атысты тоқтату режимі орнайтынын растады.
Арахамияның айтуынша, қалада бейбіт тұрғындарды қауіпсіз эвакуациялау және көмек жеткізу үшін тұрақты жұмыс істейтін гуманитарлық дәліздер құрылмақ. Ол бұл үдерісте бірқатар саяси деңгейдегі адамдар қатысқанын айтып, Рим папасы мен Мелания Трамптың рөлін атап өтті.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков эвакуацияға бірнеше күн қажет болатынын айтты. Ал Ресей Бас штабының бастығы Валерий Герасимов азаматтарды қорғау және әлеуметтік маңызы бар жүктерді жеткізу үшін Алешкіге гуманитарлық колоннаның қауіпсіз қозғалысы ұйымдастырылатынын мәлімдеді.
Украина Қарулы күштерінің Бас штабы да дәл осы уақыттан бастап Алешкіде атысты тоқтататынын хабарлап, қала тұрғындарына көмек көрсету және оларды құтқару үшін бар күш жұмсалатынын мәлімдеді.
«Қала халқын қауіпсіз көшіру және гуманитарлық көмекті жеткізу үшін гуманитарлық миссияның қауіпсіз өтуі қамтамасыз етіледі».