Бұл туралы Сенатта өткен брифинг кезінде Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов мәлімдеді.
Елемесовтің айтуынша, жалған стоматологиялық клиникалар арқылы зейнетақы қорынан ірі көлемде қаржы жымқыру дерегі бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр.
«Үш күдіктінің біреуі ұсталды. Ол мемлекеттік шекарадан өтпек болған кезде қолға түсті. Қалған екеуі, алдын ала мәлімет бойынша, ел аумағынан қашып кеткен. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары Интерпол және көршілес елдердің қаржы барлау қызметтерімен бірлесіп іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр», — деді ол.
Еске салайық, қыркүйек айында күдіктілердің БЖЗҚ-дан 46 миллиард теңгеден астам қаржыны заңсыз алу схемасын ұйымдастырғаны анықталған еді. Олар жалған медициналық анықтамалар мен құжаттар әзірлеп, тіс емдеу қызметін көрсеткендей етіп рәсімдеген.
Бұл мақсатта Ақтау мен Атырау қалаларында жеті жалған стоматологиялық клиника тіркелген. Алайда олардың ешқайсысы шын мәнінде медициналық қызмет көрсетпеген. Бұған дейін де Атырауда зейнетақы қорынан тіс емдеуге деп 200 миллиард теңге жымқырған тағы бір қылмыстық топ ұсталған болатын.