Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
14 қазан, 2025 / Аман ШАМАР / Сараптама

Атырауда балабақша ұжымы 3 ай жалақысыз отыр... (+ФОТО)

Атырауда балабақша ұжымы 3 ай жалақысыз отыр, - деп хабарлайды newsroom.kz

Атырауда балабақша ұжымы 3 ай жалақысыз отыр... (+ФОТО)
Фото: "AtyrauTODAY"

Атырауда балабақша ұжымы 3 ай жалақысыз отыр. Тәрбиешілер қарыздарын есептеп, еңбекақыларын күтіп отыр. Ал, шенеуніктер мәселенің себебін жаңа ваучерлік қаржыландыру жүйесінен көреді.

Атыраудағы мемлекеттік «Ақбота» балабақшасының 70-тен астам қызметкері үш айдан бері жалақы алмаған. Қызметкерлер қарызға батып, әр тиынын санап өмір сүріп жатыр. Міндетті медициналық сақтандыру жарналары да аударылмағандықтан, дәрігерге қаралу да қиынға соғып отыр. Балабақша ұжымы өз талаптарын жазбаша түрде жинақтап, билік өкілдерінен мәселені шешуді сұраған.

Қызметкерлердің айтуынша, олардың орташа айлық жалақысы шамамен 350 мың теңге. Алайда үш айдан бері бір тиын да алмаған. Әрқайсысына шамамен 1 миллион теңге көлемінде қарыз жиналған. Басшылық жалақыны да, әлеуметтік төлемдерді де, еңбек демалысының ақысын да төлемеген.

Мәселе, қызметкерлердің айтуынша, ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізілгеннен кейін басталған. Жаңа жүйе бойынша білім басқармасы балабақшаға бұрынғыдан әлдеқайда аз қаражат бөле бастаған. Соның салдарынан қаржы жетіспей, тіпті балалардың тамағына дейін үнемдеуге тура келген.

«Бұл — санаторийлік балабақша. Мұнда балалар тәулік бойы қалады, яғни толыққанды тамақтануы керек: ет, сорпа, дәруменге бай тағамдар болуы қажет. Ал қазір тамақтың сапасы айтарлықтай нашарлады. Шындықты айтсаң, бірден қысым көрсетіледі», — дейді балабақша қызметкері Әлия Таженова.

Бұған дейін тәрбиешілер министрлікке қаржыландыру тетігін қайта қарау туралы өтініш жолдаған. Қоғамдық резонанстан кейін министрлік санаторийлік балабақшаларды ваучерлік жүйеден шығару туралы шешім қабылдады.

«Жақын күндері барлық есеп айырысулар аяқталып, бухгалтерия нақты соманы анықтайды. Қазір қызметкерлерге төлем жасау туралы бұйрық дайындалып жатыр», — деді Атырау облысы білім басқармасының бөлімнің бас маманы Гүлсім Гильманова.

Білім басқармасы өкілдерінің айтуынша, көптен күткен жалақы бір апта ішінде қызметкерлердің қолына тиеді. Алайда еңбек инспекциясына шағым екі апта бұрын түскеніне қарамастан, тексеру енді ғана басталмақ.

Алдын ала мәлімет бойынша, балабақша басшылығына айыппұл салынуы мүмкін. Ал жаңа жүйенің салдарын дер кезінде есептемеген білім басқармасы әзірге ешқандай жауапкершілікке тартылмайтын сияқты.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату