Оның айтуынша, әлеуметтік қызметкерлер – тек осал топтармен жұмыс істейтін мамандар ғана емес, сонымен бірге адам құқықтарын қорғау қағидатына негізделген көзқарасты күн сайын іске асыратын шынайы құқық қорғаушылар.
«Әлеуметтік қызметкерлер алдыңғы шепте – балалардың, мүгедектігі бар адамдардың, қарт азаматтардың жанында. Олар тек тұрмыстық мәселелерді шешіп қана қоймай, адамның қадір-қасиетін қорғауға көмектеседі», — деді Динара Есимова.
Спикер атап өткендей, Қазақстан Ұлттық алдын алу тетігінің (ҰАТ) мандатын кеңейтіп, оның құрамына әлеуметтік сала мекемелерін енгізді. Бұл жұмысқа Ұлттық альянс мүшесі болып табылатын әлеуметтік қызметкерлердің қатысуына мүмкіндік берді. Егер алғашқы мандат кезеңінде ҰАТ құрамында бар болғаны екі маман болса, бүгінде олардың саны онға жетті. Бұл – саланың кәсіби әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Динара Есимованың пікірінше, әлеуметтік қызметкерлердің ҰАТ жұмысына қатысуы азаматтардың құқықтарының бұзылу жағдайларын тиімді анықтауға, стигматизация мен теңсіздіктің алдын алуға, сондай-ақ адам капиталы мен әлеуметтік төзімділікті (резильенттілікті) нығайтуға ықпал етеді.