Соңғы жеті жылда елімізде денсаулық сақтау саласына жұмсалатын қаржы айтарлықтай артқан. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, бір тұрғынға шаққандағы медициналық шығын 98 мың теңгеден 258 мың теңгеге дейін өсіп, 2,6 есе артқан.
Дәрігерлердің табысы да көбейді
Осы аралықта медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы шамамен 2,5 есе жоғарылаған. Дәрігерлердің еңбекақысы 159 мың теңгеден 442 мың теңгеге дейін көтерілді. Сонымен қатар, медициналық қызмет көрсету көлемі, оның ішінде алғашқы медициналық көмек пен консультативтік-диагностикалық қызметтер саны 2,7 есе артқан.
МӘМС жүйесінің әлеуметтік әділеттілік қағидаты
Министрдің айтуынша, соңғы жылдардағы маңызды нәтижелердің бірі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің әлеуметтік теңгерімге негізделген қағидаттарының іске асуы.
«МӘМС жүйесінің басты ұстанымы – ауқатты адам кедей үшін, сау адам науқас үшін төлейді. Бұл модель әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етіп, барша азамат үшін медициналық көмектің қолжетімді болуына жағдай жасап отыр», — деді Ақмарал Әлназарова.