Тұрғындардың айтуынша, олар бірнеше рет әкімдікке шағымданғанымен, нәтиже жоқ. Жарық тәулігіне тек бірнеше сағатқа ғана беріледі.
– Кейде бірнеше күн бойы жарық болмайды. Электриктер жөндеу үшін ақша сұрайды, бірақ бәрі бірдей бере алмайды, – дейді жергілікті тұрғын Елдар Үрікбаев.
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, мәселе трансформаторда. Оны олар өз қаражаттарына орнатып, 20 шақты үйге қуат беріп отыр. Бірақ құрылғыны әкімдік те, энергетиктер де балансына алмаған.
Электрдің болмауынан насос істемейді, орталық су құбыры жоқ. Халық суды сатып алуға мәжбүр.
Ал билік өкілдері мәселені мойындап, оны шешу келесі жылға жоспарланғанын айтты.
– Кейбір көшелер бастапқы жобаға кірмей қалған. Жыл соңына дейін қазіргі жұмыстарды аяқтап, келесі жылы қалған аймақтарды қосамыз, – деді Алатау ауданының ТКШ бөлімінің басшысы Асхат Жексенбеков.
Пікір білдірушілердің айтуынша, Жанаталап тұрғындарының басты арманы — үйлерінде жарықтың тура да, ауыспалы мағынада да қайта жануы.