Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

130 миллион теңгеден асты: “Шәй в большом городе” қандай фильм?

Жуырда “Шәй в большом городе” фильмі қалың көрерменге жол тартпақ. Осы орайда басты рөлді сомдайтын әнші Мөлдір Мұқановамен Newsroom.kz сайтының тілшісі тілдесті,- деп хабарлайды newsroom.kz

130 миллион теңгеден асты: “Шәй в большом городе” қандай фильм?

Жалпы “Шәй в большом городе” фильмі не туралы? және қандай жанрда? 

 “Шәй в большом городе” сырттай қарағанда жеңіл комедия сияқты көрінгенімен, ішкі мазмұны терең өмір шындығын суреттейді. Шоу бизнес пен танымалдылықтың сыртқы жылтырына алданып, ішкі даусы  өшкен әйелдің тағдыры. Сахнада жарқырап жүріп, шынайы махаббаттан, адал достықтан сатқындық көрген  жанның жанайқайы. Көрермен фильм бойы басты кейіпкермен бірге биікке көтеріліп, сол биіктен қалай құлағанын көреді. Бірақ, ең бастысы қайта тұрып, өзін табуға жасаған әрекеттеріне куә болады. Өмірдің ащы шындығы мен нәзік сезімдер, атақ пен абыройдың астарындағы жалғыздық, “бәрі бар” деген адамның жан тыныштығын жоғалтуы, осының бәрі көркем түрде өріледі. Уақыт өтіп кеткенде, “кеш” болып қалмас үшін адам өз жолын табуды тоқтатпау керек…

Актерлер құрамы қандай? 

Фильмнің актерлік құрамы нағыз жұлдызды құрам. 

Түсірілім барысында қиындықтар болды ма? 

Өзім бұл киноға түсу ойымда болмаған. Басты рөлде өзіңіз деп режиссер айтқан  уақытта мен үшін күтпеген жағдай болды. Кино саласындағы алғашқы тәжірибем болғандықтан тек продюсерлік қызметті атқарам деген ой болған менде.

Сөйтіп басты рөлде Мөлдір Мұқанова болу бұйырыпты. Оның бейнесі нәзіктіктің де, ішкі күрестің де символы. Мөлдірге серік болған ел алдында жүрген айшықты тұлғалар: харизмасымен көз тартатын Динара Сатжан, сымбаты мен сөзі үйлескен  Айгүл Мүкей, ерекше энергетикасымен есте қалатын Ирина Тен, актриса Ақерке Арыс, харизмасы бөлек Олжас Тоғымбетов пен жас әрі жарқын Темірхан Асылбек (Терри Тима).

Әр кейіпкер көрерменнің ішкі шындығына айналады. Күлкі мен көз жас қатар өрілген фильмде сіз өз өміріңіздің бір үзігін міндетті түрде табасыз.

Түсірілім барысындағы қызықты сәттер бұл жобаның жүрегіне айналды десек артық емес. Әсіресе , Мөлдір Мұқанова үшін үлкен экрандағы алғашқы қадам, алғашқы тыныс. Камера алдындағы әрбір сәт шынайылық пен сезімнің шекарасын бұзған тәжірибе мектебі болды.
Жаңбыр жауып тұрған сахналарда эмоцияны жеткізу  нағыз сынақ алаңына айналғандай. Актерлердің шынайы тоңып, жан дүниесімен жылаған сәттері кадрда ерекше әсер қалдырды. Нақ осы сәт режиссер үшін олжа, көрермен үшін шынайылықтың шегі.

Кейде техника да еркелейді. Маңызды кадр жазылып жатқанда дыбыс жазу құрылғысы күтпеген жерден сыр беріп, топ мүшелерін тығырыққа тіреген сәттер де кездесті. Алайда сол сәттердің бәрі шығармашылық алаудың оты. Әрбір қиындықтың артында тарихқа айналар естелік жатыр.

Кино түсіруге шамамен қанша қаражат жұмсалды? 

“Шәй в большом городе” фильміне жұмсалған бюджет 130 миллион теңгеден асты. Аталған сома сапаға, кәсібилікке, көрерменнің жүрегіне жол табар шынайылыққа бағытталды. Отандық киноиндустриядағы тың серпіліс, салмақты қадам деп айтуға әбден болады.

Фильмнің өзге фильмдерден ерекшелігі неде?

 “Шәй в большом городе” фильмінің басты ерекшелігі сырттай жарқыраған қала мен іштей жылаған жүректің үндестігі. Астананың асқақ сұлулығы әр кейіпкердің ішкі күйімен астасып, көрерменді терең ойға жетелейді.

Фильм мыңдаған әйелдің үнсіз жанайқайын жеткізетін айна іспетті. Бір ғана туындыда әйел болмысының сан қыры, махаббат пен өкініш, арман мен азап, жеңіс пен күрес қатар өріледі.

- Сұхбаттасқаныңыз үшін көп рақмет!

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату