Қазақстан киносы күндерінің алғашқы көрсетілімі көрнекті режиссер Абдолла Қарсақбаевтың «Алты жасар Алпамыс» фильмімен ашылды. Биыл режиссердің туғанына 100 жыл толуына орай картинаның 4K форматында реставрацияланған нұсқасы көрсетілді.
«Алты жасар Алпамыс» қазақ балалар киносының маңызды туындыларының бірі саналады. Фильмде балалық шақ, отбасы, достық және адамгершілік тақырыптары қамтылған. Абдолла Қарсақбаевтың шығармашылық мұрасында бұдан бөлек «Менің атым Қожа» және «Арманым – әкем» секілді картиналар бар.
Париждегі бағдарлама классикалық киномен ғана шектелмейді. Француз көрермендеріне қазіргі қазақстандық кинематографияның «Qaitadan» және «Игроманка» фильмдері де ұсынылады. Екі туынды да мемлекеттік қолдаумен түсірілген.
Кино көрсетілімдерімен қатар қазақстандық кинематографистердің француз көрермендерімен шығармашылық кездесулері ұйымдастырылады. Кездесулер барысында екі елдің кино саласындағы кәсіби байланыстарын дамыту және мәдени диалогты нығайту мәселелері талқыланады.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бағдарлама қазақ киносының әр кезеңін қамтып, ұлттық кинематографияның классикалық мұрасын да, жаңа буын авторларының қазіргі жұмыстарын да француз аудиториясына таныстыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан киносы күндері Франциядағы Қазақстан мәдениеті күндері аясында өтіп жатыр.