Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Каспий теңізі экологиялық катастрофа үстінде

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Каспий теңізінің қарқынды тартылуына алаңдаушылық білдіріп, оның басты себебі климаттың өзгеруі емес, экологиялық жағдайдың нашарлауы екенін атап өтті.

Каспий теңізі экологиялық катастрофа үстінде
Akorda.kz

Бұл туралы ол БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында айтты.

Әлиевтің айтуынша, Каспийдегі су деңгейінің төмендеуі бұрын-соңды болмаған қарқынға жеткен. «Бұл – бүкіл аймақ үшін экологиялық апатқа әкелуі мүмкін қауіпті құбылыс. Сондықтан Каспий жағалауындағы мемлекеттер бірігіп әрекет етуге тиіс», – деді ол. Әзербайжан басшысы Баку бұл мәселені шешуде БҰҰ-мен бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

Президент Әлиев бұл проблеманы алғаш рет 2022 жылы көтергенін еске салды. Ол кезде де теңізге құятын өзен суларының көлемі азайып жатқанына назар аударған еді. Бүгінде жағдай одан әрі күрделеніп, экологиялық тепе-теңдікке айтарлықтай қауіп төнуде.

Ал бұған дейін Ресей ғылым академиясының Оңтүстік ғылыми орталығы Каспийдің тартылуының негізгі себебі ретінде климаттық өзгерістерді атаған болатын. Ғалымдардың мәліметінше, Атлантикадан келген циклондар Волга алабына мол жаңбыр әкеліп, теңіз деңгейін ұстап тұрған. Қазір бұл табиғи тепе-теңдік бұзылған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та Каспийдің тартылу мәселесін бірнеше рет көтеріп, оны экологиялық апат қаупімен теңестірген еді.

Сарапшылардың пікірінше, егер аймақ елдері жедел әрекет етпесе, Каспий теңізіндегі экологиялық дағдарыс тек табиғи ортаға емес, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылыққа да соққы болуы мүмкін. 

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату