– Өткен жылдың күзінде інім Даниял әскерге аттанды. Биыл көктемде артынан егізі Дінмұхамед те бірге Отан алдындағы борышын өтеуге кетті. Олар қатар қызмет етіп жүрді. Бірақ ант берген соң Дінмұхамедті Мәтібұлақтағы 01098 әскери бөліміне ауыстырып, ағасынан бөлді. Егіздерді бөлуге болмайды ғой. Дәл сол жерде қайғылы оқиға болды, – дейді қаза болған сарбаздың әпкесі Енлік Қалтаева.
29 тамызда Дінмұхамед 19 жасқа толған. Әскерге шақырылмай тұрып, ағасымен бірге кондитер болып жұмыс істеген.
– Еңбекқор, мейірімді, болашаққа арман-қиялы мол еді... Жақында ғана қуанышпен шығарып салғанбыз, жарқын болашағына сендік. Ал бүгін анасы оны жансыз күйінде қарсы алып отыр. Оның қазасын суицидпен түсіндіруді қабылдай алмаймыз. Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа үндеу жасаймыз. Бұл істің жеке бақылауына алынуын талап етеміз. Бейбіт күнде неге мұндай жас жігіттер қаза табуда? Бізге шындық пен әділдік керек, – дейді Еңлік.
Ал Қарулы күштердің Құрлық әскерлері баспасөз қызметі:
– 17 қыркүйекте гвардиялық гарнизондағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді қызметтегі сарбаз өз-өзіне қол салды. Қылмыстық іс қозғалды. Жағдайды анықтау үшін Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы арнайы комиссия жіберді, – деп хабарлады.