Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Солтүстік Қазақстанда 15 мың жылдық мамонт сүйегі табылды

Солтүстік Қазақстан облысында ерекше тарихи олжа табылды. Қозыбаев университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Анатолий Плешаков Қызылжар ауданы, Бәйтерек ауылы маңынан табылған мамонт сүйегін таныстырды.

Солтүстік Қазақстанда 15 мың жылдық мамонт сүйегі табылды
Фото: ҚР ғылым және жоғары білім министрлігі

Бұл олжаны жергілікті тұрғын Әсет Шайкин балық аулау кезінде кездейсоқ тауып алған. Кейін ол табылған сүйекті белгілі археолог Анатолий Плешаковқа тапсырған. Ғалымдар оқиға орнына барып, қосымша зерттеу жүргізді.

«Жәдігердің ұзындығы шамамен 1 метр. Ол жоғарғы палеолит дәуіріне, яғни 15 мың жыл бұрынғы кезеңге тиесілі. Бұған дейін де өңірімізде ежелгі жануарлардың қалдықтары табылған. Келесі жылы ол жерге сынақ қазбасын жүргіземіз. Егер қаңқа мен құрал-саймандар табылса, бұл Солтүстік Қазақстандағы алғашқы палеолит ескерткіші болмақ», – деді Анатолий Плешаков.

Сынақ қазбасы мәдени қабаттарды, артефактілерді анықтауға және толық археологиялық зерттеуге жол ашады.

Айта кетейік, Анатолий Плешаков жетекшілік ететін Солтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясының құрамында университет студенттері де бар. Биыл олар Ботай мен Ақ-Ирий елді мекендерінде қазба жұмыстарын жүргізді. Келесі маусымда зерттеушілерді жаңа ғылыми жаңалықтар күтіп тұр.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату