Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Астанада мекемелер жаңа жұмыс уақытына көшті

15 қыркүйектен бастап елордада мемлекеттік органдар, коммуналдық қызметтер және бірқатар квазимемлекеттік ұйымдар үшін жаңа жұмыс уақыты белгіленді.

Астанада мекемелер жаңа жұмыс уақытына көшті
Фото: ашық дереккөз

 

Коммуналдық сала қызметкерлері мен әкімдік мамандары енді жұмыс күнін таңғы 07:30-да бастайды. Басқа да мемлекеттік мекемелер мен компаниялар да әдеттегіден ертерек, 07:30 бен 08:00 аралығында жұмысқа кірісетін болды.

Соған сәйкес, жұмыс күні де ертерек аяқталады. Ал мектептер, медицина мекемелері мен ХҚКО бұрынғы кестесімен жұмыс істей береді.

Жұмыс уақытын өзгертудегі басты мақсат — таңғы және кешкі қарбаласта жолдағы кептелісті азайту. Мамандардың есебінше, бұл шара көшедегі көлік жүктемесін 15–20 пайызға дейін төмендетуі мүмкін. Сарапшылар мұның көлік қозғалысына ғана емес, қала экологиясына да оң әсер беретінін айтады.

Сонымен қатар, билік көлік тұрақтарына бақылауды күшейтуде. Ереже бұзып, қозғалысқа кедергі келтірген автокөліктер айыппұл тұрағына эвакуацияланады.

Айта кетейік, жұмыс уақытын өзгерту мәселесі көктемнен бері талқыланып келеді. Маусым айында Астана әкімі Жеңіс Қасымбек коммуналдық қызмет пен мемлекеттік мекемелердің жұмысын ертерек бастау қарастырылып жатқанын мәлімдеген еді.

Бұл бастама Мәжілісте де қолдау тапты. Депутат Асылбек Нұралиннің айтуынша, таңғы уақыт өнімдірек, сондықтан жұмыс күнін 07:00–08:00 аралығында бастау жолдағы жүктемені азайтады.

31 тамызда әкімдік жаңа жұмыс кестесіне ресми түрде көшу туралы хабарлады. Қалалық билік бұл қадам көлік ағынын теңдей бөлуге және қарбалас сағаттағы кептелісті қысқартуға мүмкіндік береді деп үміттенеді.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату