Газа секторының Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, соңғы тәулікте, негізінен аймақтың солтүстігіне жасалған шабуылдардан, кемінде 68 палестиндік қаза тауып, тағы 346 адам жараланған.
Әуе соққыларының салдарынан қаладағы көпқабатты екі ғимарат қирады. Соның бірі – Ислам университетіне тиесілі нысан болатын. Ол жерде қоныс аударған бейбіт тұрғындар паналап жүрген. Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац әлеуметтік желіде университет ғимаратының бомбалаудан құлап жатқан сәтін көрсететін бейнежазба жариялады.
Израиль әскері де екі биік ғимаратты атқылағанын растады. Олар ХАМАС қозғалысы бұл нысандарды барлау мәліметтерін жинап, бақылау жүргізу үшін пайдаланғанын мәлімдеді.
Сонымен қатар Израиль билігі Газа қаласын басып алуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Әскерилердің айтуынша, бұл – ХАМАС-ты жою және қозғалыс қолында отырған шамамен 50 тұтқынды босату үшін қойылған мақсаттардың бірі. Қаланың өзінде шабуыл басталғанға дейін шамамен 1 миллионға жуық адам тұрған.
Газа денсаулық сақтау органдарының мәліметінше, 2023 жылғы қазаннан бері Израильдің әскери операциялары салдарынан 64 мыңнан астам адам қаза тапқан. Анклавтың басым бөлігі қирап, халық аштыққа ұшырап отыр.