Кездесуге қала әкімдігі мен аумақтық органдардың өкілдері, сарапшылар, мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңестің және Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, шығармашылық қауым және үкіметтік емес ұйымдар қатысты.
«Алматы – еліміздің ең ірі мегаполисі, ғылым мен білімнің орталығы. Сондықтан Президентіміздің стратегиялық міндеттерін жүзеге асыруда, әсіресе цифрлық трансформация мен жасанды интеллектті енгізуде қаламыздың рөлі айрықша», – деді Алматы әкімі.
Оның айтуынша, бүгінде еліміздегі IT-қызмет нарығының 53 пайызы Алматының үлесінде. Оның көлемі – 4 трлн теңге. Қалада Alatau Creative HUB, Farabi Hub және еліміздегі алғашқы Almaty Digital Medical Center – цифрлық медицина орталығы жұмыс істейді.
Әкімнің сөзінше, басты міндеттердің бірі – инвестиция көлемін арттыру. 2030 жылға дейін Алматыда жалпы құны 3,6 трлн теңгеден асатын 190 жоба жүзеге асырылады, – деді қала әкімі.
Туризмді дамытуға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Негізгі жоба – Алматының тау кластері. Ол 2029 жылға қарай Орталық Азиядағы ең ірі жыл бойы жұмыс істейтін туристік орталыққа айналады. Нәтижесінде жыл сайын шамамен 1 млн шетелдік турист келіп, қала экономикасына 300 млрд теңгеден астам кіріс кіргізеді.
Жолдаудағы маңызды бағыттардың бірі – экология. Бұл – бірыңғай экологиялық стандарттарды енгізу, су ресурстарын үнемдеу және оларды басқаруға арналған цифрлық платформа құру. Сонымен бірге, «Таза Қазақстан» бағдарламасы ұлттық басымдық ретінде белгіленді.