Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Непалда жастар рэперді премьер-министр етпек

«Зумерлердің революциясы» Непалда

Непал армиясының бас штабында уақытша үкіметтің жетекшісі кім болатыны жөнінде келіссөздер өтуі тиіс. Алайда наразылыққа шыққан «Z буынының» бір бөлігі 71 жастағы Жоғарғы соттың бұрынғы төрайымы Сушила Каркидің премьер болуына қарсы шығып, оның орнына бұрынғы рэперді ұсынды.

Непалда жастар рэперді премьер-министр етпек
Фото: reuters

Online Khabar басылымының жазуынша, жастар армия штабының алдына жиналып, Каркидің бұл қызметке тағайындалмауын талап етті. Ал Карки үнділік News18 телеарнасына берген сұхбатында уақытша үкіметті басқаруға дайын екенін және «ел игілігі үшін жұмыс істейтінін» мәлімдеген.

Осыдан кейін әскери бөлім аумағында қауіпсіздік күшейтілді. Ratopati дерегінше, әскерилер наразыларды таратуға әрекеттенген.

11 қыркүйек, бейсенбі күні армия штабының ғимаратында келіссөздер өтуі тиіс. Әскерилер «Z буынының» өкілдерінен 10–15 адамнан топ құрып, ішінен тек біреуін ғана келіссөзге жіберуді сұраған.

Каркидің орнына балама ретінде наразылар Катманду мэрі, бұрынғы рэпер Балендра Шахты және Дхаран қаласының басшысы Харка Сампангты атады. Дегенмен Шах бұған дейін Жоғарғы соттың экс-төрайымын қолдайтынын білдірген.

«Z буынының» наразылығы қыркүйек басында елде 20-дан астам мессенджер мен әлеуметтік желіге тыйым салынғаннан кейін күшейді. 8 қыркүйекте шерулер елдің бірнеше қаласында полициямен қақтығысқа ұласты. Катмандуда наразы топ парламент ғимаратына басып кіріп, от қойды. Осыдан соң қала полициясының өкілі Шекхар Ханал құқық қорғаушылар «қатаң шараларға көшкенін» айтты. Қақтығыстар салдарынан кемінде 30 адам қаза тапты.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату