Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Білім беру мекемелерінің 20%-ы жекеменшік

2025 жылдың екінші тоқсанында Қазақстандағы білім беру қызметтерінің көлемі 1,95 трлн теңгені құрады. Бұл көрсеткіш жылдың басымен салыстырғанда 28,6%-ға жоғары. Өсімге мектеп пен ЖОО-дағы маусымдық шығындар және мемлекеттік қаржыландырудың артуы ықпал етті.

Білім беру мекемелерінің 20%-ы жекеменшік
Фото: saigez.kz

Қызмет құрылымында ең үлкен үлес жалпы орта білімге тиесілі – 1,14 трлн теңге немесе 58,5%. Одан кейінгі орында мектепке дейінгі тәрбие – 271,5 млрд теңге (13,9%), жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім – 203,5 млрд теңге (10,4%), ал техникалық және кәсіби білім – 137 млрд теңге (7%). Қосымша білім беру – спорт, мәдениет және түрлі үйірмелер – бар болғаны 4%-ды құрайды.

Яғни, нарықтағы қызметтің негізгі бөлігі мектеп пен балабақшаға тиесілі болып отыр.

Жоғары білім секторының үлесі айтарлықтай аз – небәрі 10,4%. Колледждерді қоса есептегенде де университеттер нарықтың 17%-ынан аспайды. Сарапшылар мұны бірнеше себеппен түсіндіреді: халықтың ақылы оқуға мүмкіндігінің шектеулігі, университеттердің мемлекетке тәуелділігі және жеке не халықаралық ЖОО-лардың аздығы.

Қосымша білім беруге сұраныс бар. 2025 жылдың алғашқы жартысында спорт пен демалыс бағытындағы қызметтер 50,6 млрд теңгеге жетсе, мәдениет саласы – 30 млрд теңге, ал авто-мектептер небәрі 1,18 млрд теңге көлемінде қызмет көрсеткен.

Білім беру жүйесінде басты рөлді мемлекет атқарады. Қаржыландырудың 87,4%-ы бюджеттен, халықтың үлесі – 10,7%, ал кәсіпорындардікі – бар болғаны 1,9%. Ұйымдар арасында мемлекеттік мекемелер 79,7% қызмет көрсетсе, жекеменшік ұйымдардың үлесі 19,7%-ға, шетелдік оқу орындарының үлесі – 0,6%-ға тең.

Онлайн-білім әзірге жалпы нарықтың 2%-ына да жетпейді – интернет арқылы көрсетілген қызметтер көлемі 20,6 млрд теңгені құрады. Дегенмен сарапшылар EdTech жобаларының болашағы зор екенін айтады. Әсіресе жастар мен шалғай аймақ тұрғындары үшін онлайн-оқу қолжетімділік тұрғысынан тиімді болып келеді.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату