Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Сиыр еті  екі еседей қымбаттады

Қазақстанда сиыр етінің өзіндік құны мен дүкендердегі бағасы арасында айқын алшақтық бар. Бұл жайында ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Мәжіліс пен Сенаттың бірлескен отырысынан кейін айтты.

Сиыр еті  екі еседей қымбаттады
Фото: egemen

Ресми мәлімет бойынша, шаруашылықтарда бір келі сиыр етін өндіру шамамен 1,8–1,9 мың теңгеге түседі. Ал базардағы баға 2,6 мыңнан басталып, ірі қалаларда 4 мың теңгеге дейін барады. Әлеуметтік дүкендердегі орташа құн 3,5 мың теңге шамасында.

Сұлтановтың сөзінше, бағаның қалыптасуына тек шикізат емес, еңбекақының көтерілуі, несие мөлшерлемесі мен дизель отынының нарықтық бағасы да әсер етуде. Бұған қоса, көрші елдердің сұранысы артып, экспорт көлемі екі есеге өскен. Бұл да ішкі нарықтағы бағаның өсуіне ықпал еткен.

Қазір өңірлерде 50 мың тоннадай ет қоры бар, бұл ішкі сұранысты бірнеше айға қамтамасыз етуге жеткілікті. Әкімдіктердің бағаны реттейтін тетіктері де бар.

«Ет тапшылығы жоқ. Бірақ сыртқы нарықтағы қысым бағаны өсіреді. Баға күрт көтерілсе, жергілікті билік оны тежеуге құқылы», – деді вице-министр.

Статистикаға сүйенсек, жыл басынан бері сиыр еті 20%-дан астам қымбаттады. Бір апта ішінде баға 0,8% өсіп, жылдық көрсеткіш 20,2%-ға жеткен. 2024 жылы Қазақстаннан 22 мың тоннадан астам сиыр еті экспортталды, ал ішкі өндіріс көлемі шамамен 400 мың тонна. Өткен жылы елден 17,5 мың тонна қой еті де сыртқа шығарылған.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, мал басы тұрақты өсіп келеді. Дегенмен, ет бағасының көтерілуі мал шаруашылығына кететін шығындардың артуы мен экспорттық сұраныстың жоғары болуымен байланысты.

Сұлтанов күзде бағаның тағы да қымбаттауы мүмкін екенін жоққа шығармады. Дегенмен маусым айында өсім қарқыны баяулап, 1,4%-ға дейін түскен. Бұл көрсеткіш министрлік тарапынан тұрақтанудың белгісі ретінде бағаланып отыр.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату