Оқиға орнына коммуналдық қызмет, төтенше жағдайлар департаменті, полиция мен қала әкімі келді. Алдын ала болжам бойынша, соңғы екі күнгі нөсер жауыннан кейін өзен деңгейі 6 метрге дейін көтеріліп, ағаштар мен қоқыс көпірдің астына жиналған. Сонымен бірге, нысанның ескіруі де себеп болуы мүмкін.
Қала әкімі Алмат Ақыжанов:
«Мұнда екі жыл ішінде 600 млн теңгеге жуық қаржы бөлініп, жөндеу жасалған. Егер жауаптылар анықталса, заң бойынша қатаң шара қолданылады. Қазір мердігер ұйым объектіні кепілдік міндеттемесі аясында қайта қалпына келтіреді. Екі-үш ай ішінде көпірді жөндеп бітіреміз деп жоспарлап отырмыз. Барлық қалалық көпірлерге тексеріс жүргізіледі», – деді.
ТЖД мәліметінше, тағы бір 16,2 метрлік өткел де қисайып, құлау қаупі бар. Жаңбыр жалғаса берсе, жағдай қиындай түсуі мүмкін. Әзірге қаладағы басқа екі көпір арқылы қозғалыс тоқтаған жоқ.
Айта кетейік, Шнайдер көпірі 1978 жылы салынған. 2023 жылдың соңында оның бір тірегі бүлініп, жөндеуге бюджеттен 600 млн теңге бөлінген. Биыл наурызда пайдалануға берілген еді. Жөндеу жұмыстарын «LLC Asia» ЖШС жүргізген. Соған қарамастан, арада жарты жыл өтпей-ақ апат қайталанды.
Қазір әлеуметтік желілерде тұрғындар бұрынғы әкім Жақсылық Омарды және объектіні қабылдап алған лауазымды тұлғаларды жауапқа тартуды талап етуде.
Комиссия жұмысы аяқталған соң қалпына келтіруге қажетті қаржы көлемі белгілі болады. Соңғы екі жылда бұл көпірді жөндеуге бюджеттен 620 млн теңге жұмсалған.