Интернат басшылығы қыздың жүктілігін жасыру үшін аборт жасатып, бұл туралы анасына хабарламаған.
Сол кезде бірнеше қылмыстық іс қозғалып, алты адам сотталды. Олардың ішінде депутаттың күйеуі де бар.
Өткен жылы 55 жастағы ер адам зорлау дерегі бойынша 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Кейін мектеп-интернат директоры да сот алдында жауап берді – ол екі жылға сотталды. Оның орынбасары, медбике мен психолог үш жылға бостандығын шектеу жазасын алды. Ал аборт жасаған акушер бір жылға сотталды. Оларға жүктілікті заңсыз тоқтату, ауыр қылмысты жасырғаны және қылмысқа көмектескені үшін айып тағылды.
Зардап шеккен қызды кейін Тараздағы көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған мектеп-интернатқа орналастырған. Енді ол облыс орталығында, бақылауда болады деген үміт болған. Оның үстіне, оқиға үлкен резонанс тудырған еді.
Алайда жуырда қыздың қайтадан жүкті екені белгілі болды…
Halyqstan дерегінше, қазір жасөспірім шамамен жүктіліктің сегізінші айында. Бала әкесінің кім екені белгісіз. Инсайдер дерегіне сүйенсек, бұл – кездейсоқ жүктілік.
Қыздың акушерлік есепке алынғанын ескерсек, интернат пен Жамбыл облысындағы тиісті органдар жағдайдан хабардар. Бірақ олар мұны барынша жасырғанға ұқсайды. Әрине, Жаңатастағы интернаттың басшылығындай жағдайға тап болудан қорқуы мүмкін.
Тағы бір күмәнді жайт – ешкім қыздың анасынан сұрақ қойып жатқан жоқ. Өйткені алғашқы жүктілік жазғы демалыс кезінде болған. Ал қазір, мерзіміне қарағанда, балаға қол сұғу шамамен қысқы каникулда орын алған секілді.