Әлеуметтік желілерде ата-аналардың балаларын әдейі қорқытып, видеоға түсіріп тарататын «әзіл-трендтер» көбейіп барады. Жақында ғана бір ананың баласы ұйықтап жатқанда су толы шарды жарып жіберген видеосы тарап, қоғамда қызу талқыға түсті. (Видеоны мына жерден көре аласыз). Біреулер оны көңілді әзіл деп қабылдаса, психологтар мұндай әрекеттің бала психикасына ауыр зардаптары бар екенін ескертеді.
Психолог Анара Қасым бұл құбылысқа алаңдаушылық білдіреді:
«Біреулер үшін мұндай әзілдер қызық көрінуі мүмкін. Бірақ бала үшін ол ойын емес. Психологияда мұндай сәттер баланың бойында сенімнің бұзылуына, қорқыныштың орнығуына, қауіпсіздікті сезінбеуіне алып келеді. Әзіл деп түсірілген видеолардың өзі баланың бойында ұзақ уақыт кетпейтін үрейге айналуы мүмкін», – дейді маман.
Оның айтуынша, бала үшін ата-ана – ең сенімді, қауіпсіз тұлға болуы керек. Егер сол ата-ананың өзі әдейі қорқытып, оны күлкіге айналдырса, бала бүкіл әлемді қауіпті деп қабылдай бастайды.
Маман мұндай трендтердің басты проблемасы – баланың нәзік психикасын елемеу екенін айтады.
«Әзілдің де, ойынның да өз шегі бар. Баланың психикасы – таза айна секілді. Оған сенім, махаббат, мейірім қажет. Балаға жасалған қорқыныш – жанына жара салумен тең», – дейді психолог.
Қазір әлеуметтік желіде тренд қуып, «көрермен жинау» үшін түрлі шектен шыққан видеолар көбейіп барады. Бірақ мамандар ата-аналарды «лайк үшін» баланың сенімін жоғалтпауға, керісінше жақсы трендтерді таратуды қолға алуға шақырады.