Азық-түлік қауіпсіздігі бойынша халықаралық жіктеу (IPC) дерегіне сүйенсек, қазіргі таңда жарты миллионнан астам адам ашаршылыққа тап болып отыр. Дағдарыс алдағы апталарда Дейр әл-Балах пен Хан Юнис аймақтарына таралуы мүмкін.
Болжам бойынша қыркүйек соңына дейін 640 мыңнан аса тұрғын азық-түліктің апатты деңгейдегі тапшылығына (5-кезең) ұшырайды. Тағы 1,14 миллион адам төтенше жағдайда (4-кезең), ал 396 мың адам дағдарыс деңгейінде (3-кезең) өмір сүреді.
Шілде айында ғана балалар арасында аштықтың 12 мыңнан астам жаңа жағдайы тіркелді. Бұл жыл басынан бері алты есе өсім. Қазір азық-түлік жетіспеушілігінен әр төрт баланың бірі зардап шегіп отыр.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш жағдайды «адам қолымен жасалған апат әрі адамзатқа төнген қатер» деп атады. Ол Израильдің басқыншы держава ретінде халықаралық құқық бойынша халықты азық-түлік пен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге міндетті екенін еске салды.
БҰҰ-ның гуманитарлық мәселелер жөніндегі үйлестірушісі Том Флетчер бұл ашаршылық ең алдымен ең әлсіз топтарға соққы болып жатқанын айтты. Ол барлық шекаралық өткелдерді ашып, гуманитарлық көмекті кедергісіз жеткізуге шақырды.
Ал Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссар Фолькер Тюрк дағдарысты «Израильдің әрекеттерінің тікелей салдары» деп бағалады. Оның айтуынша, гуманитарлық көмекті шектеу халықаралық құқықты бұзады және аштықты соғыс әдісі ретінде пайдалану қылмыс саналады.
ФАО, ЮНИСЕФ, WFP және ДДСҰ да бірлескен мәлімдеме жасап, Газадағы ашаршылықты еңсеру үшін жедел және ауқымды әрекет қажет екенін тағы да атап өтті.