Венада өткен БҰҰ комиссиясының отырысында Қазақстан халықаралық инвестициялық дауларды реттеу тетіктерін жетілдіруге қатысты ұсыныстарын ұсынды. Делегация келіссөздер мен медиацияны дамыту қажеттігін атап өтті.
Бұл бастамалар БҰҰ-ның Венадағы алаңында талқыланды. 12–16 қазан аралығында өткен ЮНСИТРАЛ-дың құқық жөніндегі III жұмыс тобының 55-сессиясына Қазақстан бақылаушы ретінде қатысты.
Кездесулерге Қазақстанның Әділет министрлігі, Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілдігі және халықаралық арбитраж жөніндегі ұлттық сарапшы қатысты.
Талқылау барысында инвестициялық дауларды шешу қағидаларын өзгертуге қатысты бірқатар мәселе қаралды. Олардың қатарында дауларды бейбіт жолмен реттеу, үшінші тараптардың арбитраж шығындарын қаржыландыруы, өтемақы мөлшерін айқындау және ұлттық құқықтық қорғау тетіктерін пайдалану тәртібі бар.
Қазақстан тарапы мемлекеттердің де, инвесторлардың да мүддесін ескеретін, неғұрлым нақты әрі түсінікті ережелердің қажет екенін айтты.
«Қазақстан делегациясы құқықтық айқындықты арттыруға және мемлекеттер мен инвесторлардың мүдделерін теңгерімді ескеруге бағытталған ұсыныстарын ұсынды. Атап айтқанда, қазақстандық тарап консультациялар, келіссөздер және медиацияның маңызын атап өтіп, бейбіт реттеуге жәрдемдесетін шаралар іс жүзінде орындалуға тиіс екенін және дауларды негізсіз созуға әкелмеуі керек екенін көрсетті», — деді ҚР СІМ.
Қазақстан өкілдері дауларды ұзақ арбитраждық процестерге жеткізбей, келіссөз бен медиация арқылы шешудің маңызын ерекше атады. Сонымен бірге мұндай рәсімдер тараптарға қосымша кедергі келтірмеуі және істі қарауды созбауы тиіс екені айтылды.
Сессияда сондай-ақ параллель даулардың алдын алу жолдары, халықаралық инвестициялық шарттарды түсіндіру және өтемақы көлемін белгілеу мәселелері талқыланды.