Джибути жағалауында қайық аударылып, кемінде 109 мигрант қаза тапты, олардың арасында 15 бала бар. Бұл туралы Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҰ) хабарлады.
Қайық 350 адаммен Джибутиден Йеменге бет алған кезде, бейсенбі күні түнде Обок қаласының маңында апатқа ұшыраған. ХКҰ дерегінше, шамамен 80 адам құтқарылған, ал ондаған адамның тағдыры әлі белгісіз.
ХКҰ-ның Джибутидегі миссиясын басқаратын Александр Куассак бұл қайғылы оқиғаны басқа жерде жаңа өмір іздеп жүріп мигранттардың қандай қауіпке тап болатынын көрсететін айқын ескерту деп атады.
Ұйым жұма күнгі мәлімдемесінде табылған мәйіттердің арасында 52 ер адам, 42 әйел, тоғыз қыз және алты ұл бала бар екенін айтты. Қаза тапқандардың жерлеу рәсімін жергілікті билік ұйымдастырып жатыр.
Тірі қалғандардың бәрі — Эфиопия азаматтары. Оларға медициналық көмек көрсетіліп жатыр, ал ХКҰ Обоктағы қабылдау орталығында 64 адамға ем-дом мен отбасымен байланысын қалпына келтіруге жәрдем беруде.
Ұйымның айтуынша, Африка мүйісінен шыққан мыңдаған мигрант жыл сайын қауіп-қатері жоғары осы бағытпен Парсы шығанағы елдеріне жетуге тырысады. Йеменде он жылдан астам уақытқа созылған азамат соғысы жалғасып жатқанына қарамастан, адамдар кедейлік, қауіпсіздік мәселелері және климат өзгерісінің салдарынан бұл жолға шығуын тоқтатпай отыр.