Әуежайға алдын ала келуді жоспарлаңыз
Жолдағы кептеліс, ауа райы жағдайы немесе әуежайдың жүктемесі секілді факторларды ескере отырып, жолаушыларға әуежайға ертерек келуге кеңес беріледі. Жолға шығу уақытын тіркеу бағанасында немесе өзіне қызмет көрсету терминалдарында ұшудан бірнеше сағат бұрын болатындай етіп жоспарлау қажет. Тіркеу аяқталғаннан кейін бірнеше минутқа кешігу де рейске отырғызуға мүмкіндік бермейді.
Тіркеудің жабылу уақыты
Ішкі және Қазақстаннан ұшатын халықаралық рейстерге жолаушыларды тіркеу және тіркелген жолжүкті өткізу ұшуға 40 минут қалғанда аяқталады. Шетелдік әуежайларда тіркеу ұшуға 60 минут қалғанда жабылуы мүмкін. Әрі қарай тіркеу жүйесі жабылады және оған деректерді енгізу мүмкін болмайды. Бұл тек әуекомпанияларының ережесі ғана емес, Қазақстан Республикасының авиациялық стандарттары мен заңнамасының талабы болып табылады.
Ұшуға дейінгі рәсімдер
Тіркеу аяқталғаннан кейін жолаушылар туралы барлық ақпарат тиісті бөлімдерге жіберіледі. Сол мезетпен қатар қауіпсіздіктің маңызды қадамдарына жататын ұшуға дейінгі рәсімдер басталады.
Жолаушылар шекаралық бақылау және ұшуға дейінгі тексеру секілді бірнеше кезеңнен өтеді. Құжаттар, қол жүк пен жеке қауіпсіздік міндетті түрде тексеріледі. Әсіресе қарбалас уақытта бұл рәсім бірнеше минуттан жарты сағатқа дейін уақыт алуы мүмкін. Шекаралық бақылау мен тексеруден тек бір әуекомпаниясының емес, барлық сапарға шыққан жолаушылар өтетіндіктен, қызмет көрсету жалпы кезек тәртібімен жүргізіледі.
Осыдан кейін жолаушыға ұшаққа отырғызу қақпасына (гейтке) өту қажет. Қақпа әуежайдың құрылымына байланысты ұшуға дейінгі тексеру нүктесінен алыс болуы мүмкін. Жолаушы ұшуға 30 минут қалғанда қақпаның жанында болуы тиіс. Отырғызу аяқталған соң әуе кемесінің есіктері жабылып, экипаж дайындықты бастайды. Бұл кезеңде жолаушылар ұшаққа жіберілмейді.
Кестенің бұзылу салдары
Тіркеуге немесе отырғызуға бірнеше минут кешігу әуежай мен әуекомпанияның жұмыс кестесін бұзуы мүмкін. Бұл кестенің артында көптеген үйлестірілген рәсімдер мен қызметтер тұр. Олар әр жолаушының және бүкіл рейстің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Кестенің бұзылуы тек келесі рейстердің уақытына ғана емес, рейске қызмет көрсететін ондаған бөлімшелердің жұмысына әсер етеді. Рейс кезінде тек әуекомпания емес, әуежай, шекаралық бақылау және басқа да қызметтер ресурстары жұмылдырылады.
Лоукост-модель ерекшелігі
Лоукостер әуе компанияларында рейстердің көбі айналымдық принциппен орындалады: ұшақ қонып, небәрі 30 минуттан кейін келесі бағытқа ұшады. Мұндай қысқа уақыт аралығы әуе кемесін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Әрбір жоспардан тыс кідіріс қосымша шығындарға және басқа бағыттардағы тізбекті кешігулерге себеп болуы мүмкін.
Жолаушы үшін қаржылық салдары
Егер жолаушы рейске кешіксе немесе мүлде келмесе, оның әуебилеті жарамсыз болып қалады және қайтаруға немесе айырбастауға жатпайды. Билетті басқа рейске ауыстыру ішкі бағыттарда – ұшуға кемінде 2 сағат, халықаралық бағыттарда – кемінде 3 сағат қалғанда ғана мүмкін және бос орын болған жағдайда жүзеге асырылады.
Рейске кешікпеу үшін кеңестер
Ішкі рейстерге кемінде 2 сағат, халықаралық рейстерге 3 сағат бұрын келіңіз.
Әуежайға келген бойда тіркеуден өтіп, жолжүкті тапсырып, тексеруден өтіңіз.
Ерте рейстерге таксиді алдын ала тапсырыс беріп, кептелістен қашу үшін ең қолайлы маршрутты жоспарлаңыз.
Халықаралық сапарда ұшатын әуежайыңыздың жергілікті уақыт белдеуін нақтылап алыңыз.
Әуежайдағы ақпараттық тақтадан тіркеу және отырғызу уақытын, сондай-ақ отырғызу қақпасының нөмірін үнемі тексеріп отырыңыз: кейде билетте көрсетілген мәлімет өзгеруі мүмкін.
Ұшуға дейін онлайн-тіркеуден өткен ыңғайлы. Бұл әуежайдағы кезекке уақыт жоғалтпауға көмектеседі.
Тіркеу ұшуға 30 күн қалғанда (кейбір халықаралық бағыттарда – 10 күн қалғанда) ашылады. Дегенмен, онлайн-тіркеуден өткен жағдайда да жолаушы ұшуға 30 минут қалғанда отырғызу қақпасында болуы тиіс.
Осы ұсыныстарды сақтау барлық рәсімдерден асықпай өтуге, күйзелісті болдырмауға және сапарыңызды уақытында бастауға көмектеседі.