Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Пәкістан мен Үндістанда су тасқыны: 365-тен аса адам бақилық болды

Пәкістан мен Үндістандағы нөсер жауын мен су тасқыны салдарынан қаза тапқандар саны 365 адамға жетті, оның кемінде 300-і – Пәкістанда. Бірқатар елді мекендер су астында қалғаннан кейін көптеген тұрғындар із-түзсіз жоғалғандар қатарында,- деп хабарлайды newsroom.kz

Пәкістан мен Үндістанда су тасқыны: 365-тен аса адам бақилық болды
Фото: видеодан кадр

Пәкістан мен Үндістанда нөсер жауыннан кейін болған кенет су тасқындары мен көшкіндерден қаза тапқандар саны 365-тен асты, оның кемінде 300-і Пәкістанда қайтыс болды. Гималай аймағындағы тұтас елді мекендер су астында қалғаннан кейін көптеген адамдар әлі күнге дейін хабарсыз. Бұл туралы 16 тамыз, сенбі күні dpa агенттігі аймақтық билікке сілтеме жасап хабарлады, деп жазады dw.com.

Жергілікті төтенше жағдайлар жөніндегі агенттік мәліметінше, ең көп зардап шеккен аудан – Ауғанстанмен шектесетін Пәкістанның солтүстігіндегі Хайбер-Пахтунхва провинциясындағы Бунер округі. Мұнда нөсер жауыннан кейін құтқарушылар тірі қалғандарды іздестіруді жалғастыруда және үйінділер мен лайдың астынан адамдардың мәйітін шығарып жатыр. Ауарайының қолайсыздығы мен апат аймағының шалғайлығы құтқару жұмыстарын қиындатып отыр. Іздеу-құтқару жұмыстарына әскерилер де тартылған.

Бұған дейін провинция үкіметінің басшысы Али Амин Гандапур хабарлағандай, Мохманд ауданында гуманитарлық көмек жеткізіп бара жатқан Ми-17 тікұшағы апатқа ұшырады. Бес экипаж мүшесі, оның ішінде екі ұшқыш қаза тапты. Провинция үкіметі 16 тамызды аза тұту күні деп жариялады. Билік өкілдерінің айтуынша, келтірілген залалдың көлемі әзірге есептелген жоқ.

Үндістанда кемінде 65 адам қаза тауып, 200-ден астамы жараланды

Үндістан бақылауындағы Кашмир аймағында да құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Жергілікті биліктің хабарлауынша, қаза тапқандар саны 65-ке жетті, кемінде 200 адам жараланған, олардың көбі ауыр халде. Киштвар округінің кең әрі қол жетімсіз аумағында жаңа құрбандар болуы мүмкін деген болжам бар. 33 адам хабарсыз кеткен.

Бұл жер индуистердің жиі баратын танымал діни бағытының аралық аялдамасы болып саналады. Билік мәліметінше, 14 тамыз күні 100-ден астам қажы аялдаған далалық асхана нөсер суынан толық қираған.

Су тасқыны құрбандары Пәкістан бақылауындағы Кашмирде де, Үндістан және Қытаймен шектесетін Гилгит-Балтистан өңірінде де тіркелді.

Үндістан мен Пәкістандағы муссон маусымы

Пәкістанда муссон маусымында нөсер жауын жиі жауады. Дегенмен сарапшылар биылғы жазғы муссонды «ерекше» деп бағалап отыр. Ол 600-ден астам адамның өмірін қиды. Шілде айында ел халқының жартысына жуығы тұратын Пенджаб провинциясында өткен жылмен салыстырғанда 73%-ға көп жауын жауған. Нәтижесінде өткен жылғы бүкіл муссон маусымындағыдан да көп адам қаза тапты.

Үндістан үшін бұл – тамыз айындағы екінші ірі су тасқыны. Өткен аптада Уттаракханд штатындағы Гималайдағы Дхарали ауылын сел басып, 70-тен астам адам қаза тапты. Дегенмен нақты деректер әлі жоқ.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату