Пәкістанның Дера-Исмаил-Хан қаласындағы жол бойында орналасқан полицияның контрольно-пропускной пунктіне жасалған жанкешті шабуылдан кемінде 12 адам қаза тауып, тағы 30 адам жараланды. Бұл туралы Al Jazeera телеарнасы хабарлады.
Полиция басшысы Сафдар Балочтың айтуынша, қаза тапқандар мен жараланғандардың басым бөлігі — қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері. Оқиға кезінде өтіп бара жатқан адамдар да зардап шеккен.
Алдын ала мәлімет бойынша, жарылғыш зат тиелген көлік бақылау-өткізу бекетіне соғылған. Сондай-ақ шабуыл алдында қарулы адамдар оқ атқаны айтылды. Бұл бекет мұндай шабуылдар үшін маңызды нысан саналады, өйткені онда тұрақты түрде көп қызметкер болады.
Әзірге ешбір топ бұл шабуыл үшін жауапкершілікті мойнына алған жоқ. Дегенмен күдік Пәкістан талибтеріне, яғни ТТП деп аталатын Техрик-и-Талибан Пәкістан ұйымына түсті.
18 қыркүйекте Пәкістанның солтүстік-батысында да ұқсас шабуыл болған еді. Ол кезде жарылғыш зат тиелген көлік мешіт пен полиция бөлімшесінің маңында жарылып, 21 адам қаза тапқан, олардың 15-і полиция қызметкері болған. Тағы 80-нен астам тұрғын жараланды, ал террорист жойылғаны хабарланған.