Интернет – байланыс құрылымындағы басты сегмент. Оның үлесі 58,7%-ға жеткен. Екінші орында – мобильді байланыс (15,8%). Ал қалааралық және жергілікті байланыс қызметтерінің үлесі небәрі 1–2% ғана.
2025 жылы спутниктік интернет нарығында үлкен өзгерістер болды. Тамызда Shanghai SpaceSail жүйесі сынақтан өтіп, 200 Мбит/с-қа дейінгі жылдамдық көрсетті. 13 тамыздан бастап SpaceX компаниясының төмен орбиталы Starlink жүйесі Қазақстанда ресми түрде сатыла бастады. Бұл алыс аймақтарға да жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Баға жағынан да қозғалыс бар. Биыл шілдеде байланыс қызметтерінің бағасы күрт төмендеп, жылдық өсімі 10%-ды ғана құрады. Сарапшылар мұны операторлардың тарифтік саясатының тұрақтануымен және Бәсекелестікті қорғау агенттігінің сымды интернет нарығындағы монополияға қарсы тергеуімен байланыстырады.
Halyk Finance мамандарының болжамынша, алдағы жылдары интернет нарығындағы бәсекелестік күшейіп, инфрақұрылымдық жобалардың арқасында бағалар біршама тұрақталуы мүмкін. Бұл тұрғыда Starlink-тің нарыққа келуі маңызды рөл атқарады.