Starlink деген не?
Starlink — Илон Маск негізін қалаған SpaceX компаниясы әзірлеген жаһандық спутниктік интернет жүйесі. Мыңдаған төмен орбитадағы спутниктер арқылы әлемнің ең шалғай аймақтарында да жоғары жылдамдықты интернетке қосылуға мүмкіндік береді. Бұл — оптикалық кабель тарту мүмкін емес немесе тиімсіз жерлер үшін тиімді шешім.
Дәстүрлі спутниктік интернеттен айырмашылығы — Starlink шамамен 550 шақырым биіктікте орналасқан төмен орбиталарды пайдаланады. Бұл сигналдың жету уақытын азайтып, бейнеқоңырау, онлайн ойын және тікелей эфир секілді қызметтерді кедергісіз пайдалануға жағдай жасайды.
Жүйе құрамына:
- өздігінен спутникке бағытталатын қабылдағыш антенна;
- Wi-Fi роутер;
- байланыс сапасын бақылауға арналған Starlink қосымшасы кіреді.
Қалай қосылады?
Starlink-ті пайдалану үшін алдымен Starlink Mini жинағын (бағасы — 104 000 теңге) немесе қуаттырақ антеннасы бар Starlink Standard-ты (201 000 теңге) сатып алу қажет. Жабдықты ресми сайттан немесе авторизацияланған сатушылардан алуға болады.
Тарифтер үй пайдаланушылары үшін айына 23 000 теңгеден басталады, саяхат нұсқасы — 26 000 теңгеден (100-ден астам елде жұмыс істейді). Ең қымбат пакеттер 52 000 теңгеге дейін жетеді.
Қосылу бірнеше минутта жүзеге асады:
- Жабдықты электрге қосу;
- Аспанды ашық көретін жерге антеннаны орнату;
- Starlink қосымшасы арқылы оңтайлы орын мен кедергілерді тексеру.
Жылдамдығы қандай?
Жылдамдық тарифке, ауа райына және желі жүктемесіне байланысты. Әлемнің әртүрлі елдерінде пайдаланушылар 50–250 Мбит/с аралығындағы көрсеткіштерді тіркеген. Қазақстан бойынша ресми деректер әзірге жарияланған жоқ.
Заң талаптары
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 12 маусымда Starlink-пен келісім жасап, компанияның Қазақстан заңнамасын, оның ішінде ақпараттық қауіпсіздік нормаларын сақтайтынын мәлімдеді.
Министрлік 13 тамыздан бастап Starlink қызметі ел аумағында ресми түрде іске қосылғанын растады.