Куәгерлердің бірі Арайлым Қамытбек оқиғаны былай сипаттады:
— Әкімдік ғимаратынан 2-3 адам шыққанда, бірден оқ атылды. Мен дереу полицияға хабар бердім. Сол сәтте тағы 3-4 рет оқ атылғанын естідім. Классикалық костюм киген бір ер адам (Берденов — ред.) жүгіріп бара жатты. Ал екінші адам (Жиенбай — ред.) оның артынан қуды, — деді ол.
Осы кезде жүргізуші Қалымбетов тұрақта бастығын күтіп отырған. Ол оқ атылғанда абдырап қалғанын айтты.
— Бір сәтке есімді жинап, қарасам, әлгі адам (Жиенбай — ред.) көліктің сол жағында тұрып, оқ атып жатыр екен. Көлік өзінен-өзі жүріп барып, жиекке тіреліп тоқтады. Мен сыртқа шыққанымда, екеуі алысып жатты. Қайтадан көлікке мініп, кері бұрылып, Жиенбайды қақтым. Өйткені ол Руслан Арысбекұлын өлтіріп тастауы мүмкін деп ойладым. Соққыдан кейін ол құлап, артқа қарай қашты. Біз алыстық, — деді жүргізуші.
Қан тоқтату үшін екі қыз бен жүргізуші Берденовтің галстугын пайдаланған. Сол сәтте Берденов асфальтта жатып, дұға оқыған.