Reuters агенттігінің энергетика шолушысы Рон Буссоның жазуынша, ұзақ жылдар бойы өндірісті арттыру жолында бәсекелесіп келген Exxon Mobil мен Chevron еуропалық мұнай компанияларын анық басып озды. Бұл жетістікке жетуге әсіресе Теңіз кен орнын кеңейту жобасы айрықша рөл атқарған.
2025 жылдың екінші тоқсанында Chevron өз тарихындағы ең жоғары үш айлық өндіру көрсеткішіне қол жеткізді. Нақтырақ айтсақ, сәуір-маусым аралығында компания тәулігіне 3,4 миллион баррель мұнай өндіріп, көрсеткішін 3%-ға ұлғайтты. Ал үшінші тоқсанда өндірісті тағы жарты миллион баррельге арттыруды жоспарлап отыр.
Exxon Mobil де биылғы екінші тоқсанда былтырғы дәл осы кезеңмен салыстырғанда 6% артық мұнай өндірген – шамамен 4,63 миллион баррель тәулігіне. Компания мұнайды АҚШ пен Оңтүстік Америкадан бөлек, Қашаған кен орнынан да өндіріп отыр.
Ал бұл кезде еуропалық компаниялар мұнай өндірісін арттыруда айтарлықтай артта қалды. Мысалы, Shell соңғы 20 жылдағы ең төменгі көрсеткішке түсті, ал TotalEnergies бір жыл ішінде өндірісін 3,3%-ға қысқартты.
«Еуропалық мұнай алпауыттары үшін мүмкіндіктер терезесі тарылып келеді. Себебі мұнай өндірісі қымбатқа түсетін сала, ал ОПЕК елдері арасындағы бәсекелестік артып барады. Оның үстіне, әлемде энергетикалық ауысым жүріп жатқанда, мұнайға ұзақмерзімді сұраныс та айқын емес», – дейді Рон Буссо.
Аналитик Chevron компаниясының бәсекелік басымдығының бір қайнар көзі ретінде Қазақстанды ерекше атап өтеді. Теңіз кен орнын кеңейту – еліміз үшін аса маңызды экономикалық жоба. Ол мұнай өндіру жоспарын артығымен орындауға мүмкіндік береді.