Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Тоқаев Қазақстанның ұзақмерзімді мақсатын атады

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның теңізге тікелей шыға алмайтын дамушы елдерге арналған Үшінші конференциясында сөйлеген сөзінде Қазақстанның ұзақмерзімді мақсатын атап өтті.

Тоқаев Қазақстанның ұзақмерзімді мақсатын атады
Фото: Ankasam

Президенттің айтуынша, еліміз Солтүстік – Оңтүстік бағыты мен Орта дәліз бойындағы көлік және транзиттік инфрақұрылымды дамытуға басымдық беріп отыр.

– Біздің ұзақмерзімді мақсатымыз – теміржол, автокөлік, әуе және логистикалық орталықтарды біріктіретін бірыңғай желі қалыптастыру. Бұл Қазақстанның Еуразия құрлығындағы негізгі транзиттік хаб ретіндегі орнын нығайтады. Қазірдің өзінде Азия мен Еуропа арасындағы құрлықтағы жүк тасымалының шамамен 85 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтеді, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент Қазақстан цифрландыру бағытына да инвестиция құйып жатқанын айтты. Оның сөзінше, Астанада AlemAI жасанды интеллект орталығы құрылып, қуатты суперкомпьютер іске қосылған.

– Біз ғылыми ынтымақтастыққа ашықпыз. Барлық серіктестерді бірлесіп жұмыс істеуге шақырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Аймақтық мәселелерге тоқталған Президент географиялық шектеулер тағдырды айқындамайтынын атап өтті.

– Біз теңізге тікелей шығатын жолы жоқ аймақтан құрлықтағы байланыстың маңызы кем түспейтін болашаққа бет түзеп келеміз. Бүгінде Орталық Азия әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысынан тұрақтылық танытып, теңізге шыға алмау – тежеуші емес, керісінше өсімге түрткі бола алатынын дәлелдеп отыр. Бұл – саяси ерік, стратегиялық инвестициялар мен халықаралық әріптестіктің нәтижесі. Бүгінде Орталық Азия – өзара тиімді ықпалдастықтың үлгісіне айналды, – деді Президент Тоқаев.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату