Wi-Fi толқындары қабырғадан, жаңбырдан, ағаштан да өте алады, әрі камерадан айырмашылығы — тек сыртқы бейнені емес, дене құрылымының ішкі элементтерін де «көре» алады. Бұл әр адамға тән қайталанбас "сандық із" қалыптастырады. Мұндай "цифрлық қолтаңбаны" қолдан жасау мүмкін емес дейді ғалымдар.
«Wi-Fi сигналына жаңбыр да, қабырға да, ағаш та кедергі бола алмайды. Яғни адамды кез келген ортада тануға болады», – делінген arXiv порталына жарияланған ғылыми мақалада.
WhoFi әзірге академиялық жоба саналады. Бірақ бұл технологияның бақылау құралына айналуынан қауіптенетіндер де бар. Камерадан айырмашылығы – мұндай жүйені байқап, одан қашып құтылу қиын. Егер жүйе кеңінен таралса, адамды бет-әлпетінсіз, камерасыз, рұқсатынсыз-ақ бақылауға мүмкіндік туады — Wi-Fi сигналына ілігіп қалсаңыз болғаны.
Ғалымдар бұл әзірше коммерциялық мақсатта қолданылмайды деп сендіріп отыр. Алайда тәжірибе көрсеткендей, бақылау технологиялары жаппай қолданылуға әлдеқашан кірісіп кеткенде ғана жария етіледі.