2023 жылы құрылған «Алтын Дән» кәсіпорны аграрлық сервистік орталық ретінде жұмыс істейді. Қазіргі таңда компания 150 гектар жерге тамшылатып суару технологиясымен картоп отырғызған. Бұдан бөлек, дәнді дақылдар егілген 1500 гектар алқап бар.
«Кәсіпорын PepsiCo компаниясымен серіктестік келісім жасасты. Қазір чипсы жасауға арналған импорттық тұқым түрлері сынақтан өтіп жатыр. Өнім сапасына агрономдар мен арнайы мамандар жауапты», – делінген әкімдік таратқан хабарламада.
Өнім толық піскен соң, Алматы мен облыстағы қайта өңдеу кәсіпорындарына жеткізу жоспарланған. Қай уақытта нақты өндіріс басталатыны және жеткізу көлемі әзірге нақтыланбаған.
Қазіргі таңда «Алтын Дән» компаниясында 20-дан астам тұрақты қызметкер жұмыс істейді, ал дала жұмыстарына 20-ға жуық техника тартылған.
Айта кетейік, бұған дейін америкалық PepsiCo компаниясы Алматы облысында Lays чипсы өндірісіне арналған жаңа зауыт салады деп хабарланған болатын. Инвестиция көлемі – 160 миллион доллар. Бұл Орталық Азиядағы ең ірі жобалардың бірі болмақ. Зауытты іске қосу 2026 жылға жоспарланған.