Инфляция қарқынының тежелуіне ең алдымен ақылы қызметтер себеп болды. Бұл секторда баға шілдеде жылдық есеппен 14,9 пайызға өсті, ал маусымда бұл көрсеткіш 16,1 пайыз болған еді. Яғни, өсім сәл бәсеңдеген.
Алайда азық-түлік пен азық-түлік емес тауарлар бойынша баға әлі де көтерілуде. Мысалы, азық-түлік өнімдері бір жылда 11,2%-ға қымбаттады (маусымда – 10,6%), ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар 9,5%-ға өсті (маусымда – 9,4%).
Айлық тұрғыдан қарағанда, шілдеде ақылы қызметтер небәрі 0,5%-ға ғана қымбаттаған. Бұл — 2023 жылдың сәуірінен бері тіркелген ең төмен өсім. Салыстыра кетсек, азық-түлік емес тауарлар 0,8%-ға, ал азық-түлік 0,7%-ға қымбаттады. Бұл — шілде айларына тән орташа көрсеткіштерден жоғары.
Айта кетейік, соңғы айларда инфляцияны көбіне қызмет көрсету секторы үдетіп келді. Осыған байланысты үкімет коммуналдық тарифтерді көтеруді уақытша шегере тұруға уәде берген болатын.