Адам құқығы – кез келген өркениетті мемлекеттің іргетасы. Құқықтық мемлекетте өмір сүретін әрбір азамат өз құқығы мен бостандығын қорғауға толық құқылы. Қазақстан Республикасының Конституциясы осы қағиданы басты құндылық ретінде бекітті. Нақтырақ айтқанда, Конституцияның 13-бабының 2-тармағында: «Әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына қарсы сот арқылы қорғануға құқығы бар» деп көрсетілген. Бұл – қағаз жүзіндегі ғана емес, іс жүзінде де қамтамасыз етілуі тиіс тікелей әрекет ететін норма. Яғни, еліміздегі кез келген адам – азаматтығына, әлеуметтік мәртебесіне, қызметіне немесе дүниетанымына қарамастан, егер құқығы мен заңды мүддесі бұзылса, сотқа жүгінуге толық құқылы.
Сотқа жүгіну құқығы – жай ғана заңда жазылған мүмкіндік емес. Бұл – адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау тетігі, әділдік пен заң үстемдігін қамтамасыз ететін басты құрал. Адам құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы тек құқықтық нормалармен шектелмейді. Бұл құқықтарды қорғаудың нақты, тиімді жолдарының болуы – демократиялық қоғамның ажырамас бөлігі. Азаматтық даулар, еңбек қатынастары, отбасылық мәселелер, мүлікке қатысты дау-дамай, қылмыстық істер – мұның бәрі сот арқылы шешілуі тиіс.
Құқық қорғау мен әділ сот төрелігін қамтамасыз ету – мемлекет жауапкершілігіндегі басты міндеттердің бірі. Сот жүйесі тәуелсіз әрі бейтарап болған жағдайда ғана азаматтардың сотқа сенімі артып, қоғамда заң үстемдігі орнайды. Тәуелсіз сот – мемлекеттің тұрақтылығы мен қоғамның әділетке деген сенімінің кепілі. Сондықтан судьялардың кәсібилігі, шешімдерінің әділеттілігі мен түсініктілігі, сот процесінің ашықтығы мен қолжетімділігі – барлығы сот төрелігінің негізгі тіректері болып саналады.
Бүгінде елімізде сот жүйесін реформалау, әділдікті нығайту бағытында бірқатар қадамдар жасалуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы енгізілді. Бұл азаматтардың арыз-шағымдарын тыңдау, олардың құқығын нақты қорғау, заң нормаларының өмірмен байланысын күшейту бағытындағы маңызды қадам. Сонымен қатар, сот процестерін цифрландыру, «E-sud» жүйесін енгізу, қашықтан тыңдау мүмкіндіктері – азаматтардың сотқа жүгінуін жеңілдетіп, ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етуде.
Дегенмен, сот төрелігіне қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін құқықтық көмекке қол жеткізудің маңызы зор. Әсіресе, әлеуметтік әлсіз топтардың – зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, көп балалы отбасылардың тегін заң көмегін алу мүмкіндігін кеңейту қажет. Құқықтық сауаттылық та маңызды рөл атқарады. Адам өз құқығын білмесе немесе сотқа жүгіну тетіктерінен хабарсыз болса, оның қорғануы қиынға соғады. Сондықтан құқықтық ағарту, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүргізілуі тиіс.