Президенттер қазақ-түрік стратегиялық серіктестігін тереңдету мәселелерін талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы тарихи, мәдени және рухани жақындыққа негізделген байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Келіссөздер нәтижесінде Қазақстан мен Түркия арасында 18 құжатқа қол қойылды. Соның ішінде көлік, ауыл шаруашылығы, энергетика, денсаулық сақтау, білім, туризм, қаржы, ақпараттық технология және қорғаныс өнеркәсібі салалары бойынша бірлескен жобалар бар. Сауда айналымын арттырып, бірлескен инвестициялық қор құру мәселесі де сөз болды. Тоқаев Қазақстан Түркиямен тауар айналымын жылына 10 миллиард долларға жеткізуге дайын екенін, ал Ердоған бұл көрсеткішті 15 миллиард долларға дейін ұлғайтуды мақсат етіп отырғанын айтты.
Тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту, заманауи теміржолдар мен логистикалық хабтар салу, кеме жасау саласына инвестиция тарту мәселелерін де талқылады. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы – өзара тиімді ынтымақтастықтың маңызды бағыты ретінде аталды. Қазақстан Түркияға астық, мақта, глютен экспорттап отыр. Бүгінде ауыл шаруашылығы саласында екі ел арасында құны 1,3 млрд долларды құрайтын 23 бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр.
Кездесу барысында білім саласындағы байланыстар да сөз болды. Жақын арада Астана мен Алматыда Түркияның "Маариф" қорының мектептері мен бірқатар жоғары оқу орындарының филиалдары ашылады. Сонымен қатар, Қазақстан Түркия азаматтарына елімізде 90 күнге дейін визасыз жүруге мүмкіндік беретін шешім қабылдады.
Ресми сапар аясында Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Қасым-Жомарт Тоқаевқа Түркия Республикасының ең жоғары мемлекеттік марапаты – Devlet Nişanı орденін табыстады. Мемлекет басшысы бұл марапатты Қазақстан халқына көрсетілген терең құрмет пен екі ел арасындағы бауырластықтың белгісі ретінде қабылдайтынын айтты.
– Бұған дейін мен ешқандай отандық немесе шетелдік марапаттарды қабылдаған емеспін. Алайда бұл шешімнің маңызы бөлек. Бұл – қазақ-түрік ынтымақтастығының шежіресінде елеулі оқиға. Бауырлас халықтар арасындағы достық пен туыстық байланыстарды жаңа деңгейге көтеру жолындағы маңызды қадам, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Түркия Президенті өз сөзінде Қазақстанды сенімді серіктес ретінде бағалап, қазақ халқына Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай құттықтауын жеткізді.