Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Қазақстанда әр үшінші жұмысшы зейнетақы жарнасын төлемей жүр – вице-министр

Қазақстанда жұмыспен қамтылған азаматтардың шамамен 30%-ы зейнетақы жүйесіне мүлде қатыспайды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов Үкімет отырысында мәлімдеді.

Қазақстанда әр үшінші жұмысшы зейнетақы жарнасын төлемей жүр – вице-министр
Фото: gov.kz

Оның айтуынша, 2,1 миллионнан аса адам – яғни өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен кейбір жұмыс берушілер ресми тіркеуден жалтарып, көлеңкелі экономикада жұмыс істеп жүр. Мұндай бейресми еңбек болашақта зейнетақысыз қалу қаупін күшейтеді.

«2024 жылдың қорытындысына сәйкес, жұмыспен қамтылған халықтың 30%-ы зейнетақы жарнасын төлемейді. Кей салаларда еңбек стандарттарының болмауы да көлеңкелі жұмыстың сақталуына әсер етіп отыр», – деді вице-министр.

Асқар Биахметов еңбек нарығындағы басқа да өзекті түйткілдерді атады:

  • Бірқатар мамандықтың өзектілігі жойылып барады;
  • Сұранысқа ие дағдысы бар кадрлар жетіспейді;
  • Еңбекақы деңгейі бәсекеге қабілетті емес;
  • Оңтүстікте жұмыс күші көп болса, солтүстікте тапшылық бар;
  • Ірі қалаларға жаппай көшу әлеуметтік инфрақұрылымға салмақ салып отыр.

Сондай-ақ, туу көрсеткішінің жоғары болуына байланысты 2035 жылға қарай жыл сайын еңбекке жарамды жастар саны 360 мың адамға дейін артады. Бұл еңбек нарығына қосымша қысым туғызады.

Биахметовтің айтуынша, еңбек нарығындағы осындай келеңсіздіктерді жою үшін көлеңкелі жұмысты заңдастыру, қызметкерлерді цифрлық экономикаға бейімдеу және аймақтар арасындағы еңбек теңгерімін сақтау маңызды.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату