Турист әйел шілденің 23-і күні Алматыдан Ташкентке пойызбен жолға шыққан. Өзбекстанға электронды виза ала алмай, шекарадан өте алмаған. Нәтижесінде оны Келес шекара бекетінде пойыздан түсіріп кеткен. Лоудонның айтуынша, ол шекара қызметкерлерінен дөрекі қарым-қатынас көріп, біраз уақыт ақпаратсыз күйде ғимарат ішінде отырған.
Пойызбен қайта оралған Хоуп Сарыағашта түсіп қалған. Оның сөзінше, жарақат алған аяғы мен шетелдік азамат ретінде байланыссыз және ақшасыз қалуы – өзін ерекше осал жағдайға түсірген.
Оған көмектескен жалғыз адам – дүкен иесінің жасөспірім баласы болған. Ол туристің банк картасынан төлем жасап, 3000 теңге беріп, InDrive қосымшасы арқылы көлік шақырып береді.
Алайда ары қарайғы сапары күткеннен де қорқынышты аяқталған. Әйелдің айтуынша, такси жүргізуші оның жағдайын пайдаланып, жыныстық сипаттағы әрекетке барған. Ол өз бетінше көліктен шығып үлгерген, бірақ бұл оқиға психологиялық соққы мен қорқыныш қалдырғанын жасырмайды.
"Егер мен жүргізушіні тоқтатпағанда, не болатынын елестетудің өзі қорқынышты. Ол мені қала сыртына алып кетпек болды. Тіпті, денеме қол жүгіртті. Қатты айқайлап, қарсылық білдіргеннен кейін ғана мені түсірді", – дейді Хоуп Лоудон.
Жәбірленуші өз үндеуінде Қазақстан мен Өзбекстандағы шекара мен теміржол жүйелерінің қауіпсіздігіне қатысты нақты мәселелерді көтеріп, әйелдердің, туристер мен осал топтардың қорғалмауына алаңдаушылық білдірген.
Ол төрт талап қойды:
- Әйелдерге қатысты жыныстық қысым мен зорлық қаупі туралы ақпараттандыруды арттыру.
- Шекарада қалып қойған жолаушыларға мемлекет тарапынан қауіпсіз әрі тегін көлікпен қамтамасыз ету немесе билет сатып алу мүмкіндігін жасау(Өзбекстан шекарасындағы мәселеге қатысты).
- Құқық бұзушылықтар туралы шағым беру механизмін ашық әрі тиімді ету.
- Өзбекстанның электронды виза жүйесін жөндеп, сайт жұмыс істемеген жағдайда балама жол ұсыну.
“Не молчи” қоғамдық қорының жетекшісі Дина Смайылова америкалық туристің үндеуін өз парақшасында жариялап, журналистер мен құқық қорғаушыларды бұл оқиғаға назар аударуға және қолдау білдіруге шақырды.
Бұған дейін де, Орталық Азияны жалғыз аралап жүрген еуропалық турист қыз Шымкентке жақын маңда басынан өткен жағымсыз әрі қорқынышты жағдай жайлы айтқан болатын.